Қоғам • Бүгін, 13:48

Айгүл Забирова: Еңбек ескерусіз қалмауы тиіс

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамында әділеттілік – жай ұран емес, өмірлік маңызға ие ұстаным. Адамдардың мемлекетке және бір-біріне сенімі осы құндылықпен өлшенеді. Әділ еңбек, тең мүмкіндік, жалпыға ортақ құқық – мұның бәрі әділетті қоғамның тірегі. Осы ұғымның бүгінгі қоғамда қалай қабылданып жатқанын, әлеуметтік құрылым өзгерген сайын әділет туралы түсінігіміздің де қалай түрленіп жатқанын әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова сараптап жазады.

Айгүл Забирова: Еңбек ескерусіз қалмауы тиіс

Әділет – қоғам сенімінің өзегі

Елімізде әділет ұғымы алыстан сермейтін абстрактілі түсінік емес, қайта адамдардың өміріне тікелей әсер ететін құндылық ретінде қабылданады. Бұл – тек тең мүмкіндіктер туралы талап қана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің негізі.
Қазақ қоғамындағы әділеттілік білім мен медициналық көмекке тең қолжетімділік, адал еңбектің әділ бағалануы, құқықтың қорғалуы, заңның бәріне бірдей қолданылуы және адамның тамырына, танысына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан дамуға мүмкіндік алуы сияқты қағидаларды қамтиды. Осы ұстанымдардың бұзылуы – халық арасында әділетсіздік сезімін тудырады. Себебі әділеттілік – азаматтардың табиғи әрі маңызды құқығы ретінде бағаланады.

 

Адал еңбек ескерусіз қалмауы тиіс – көпшіліктің пікірі

ҚСЗИ жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың 98 пайыздан астамы адал еңбектенетін адамдар лайықты сыйақы алуы керек деп санайды. Бұл – әділетті еңбекке деген жоғары қоғамдық сұранысты білдіреді. Адамдар табыс жеке күш-жігерге байланысты болуы тиіс деп есептейді.
Алайда бұл пікірмен келіспейтін 1 пайыз респондент жүйелік әділетсіздікті алға тартады. Олардың ойынша, кейде еңбек нәтиже бермейді, себебі ресурстарға теңсіз қолжетімділік пен жемқорлық кедергі болады. Бұл пікір еңбек құндылығына қарсы көзқарас емес, керісінше – адал еңбектің тиісті бағаланбай жатқанына қоғам құрылымының кінәлі екендігін меңзейтін сын.

 

Әділеттілік – барлық азаматқа ортақ құндылық

ҚСЗИ зерттеуі көрсеткендей, әділеттілікке ұмтылу – жасы, табысы, білімі әртүрлі қазақстандықтардың барлығына тән қасиет. Бұл – адал еңбек ескерусіз қалмауы керек деген идеяны ауылда да, қалада да, түрлі әлеуметтік топтар тең дәрежеде қолдайтынын білдіреді. Осындай ортақ ұстанымдар әділеттіліктің жалпыұлттық құндылыққа айналғанын көрсетеді. Ол – қоғамдағы әртүрлі көзқарастағы адамдарды біріктіретін ортақ келісім алаңы. Әсіресе бүгінгідей әлеуметтік әркелкілік күшейіп келе жатқан кезеңде бұл құндылықтың орны ерекше.

 

Қоғам өзгеріп жатыр – жаңа көзқарас қажет

Қазіргі таңда қоғамды жынысына, жасына, табысына немесе тұрғылықты жеріне қарап сараптау жеткіліксіз болып барады. Себебі ұқсас әлеуметтік сипаттарға ие адамдардың өзі – тіл, дін, мәдени орта мен ақпараттық кеңістікке байланысты – мүлде әртүрлі құндылықтар мен мүдделерге ие болуы мүмкін. Сондықтан азаматтардың көңіл-күйін дұрыс ұғыну үшін бұрынғы әлеуметтік модельдерге ғана сүйенуге болмайды. Оның орнына адамның өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы, мәдени кодтары мен медиа ортасы сияқты заманауи факторларды ескеру қажет. Себебі бүгінгі таңда адамның пікірлері мен күтулерін дәл осы тетіктер қалыптастырып отыр.