
Фото: qostanay.tv
Балақайдың мәйіті 3,5 метр тереңдіктен, жағалаудан 90 метр қашықтықта табылған.
Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы басшысы Азамат Ағатайдың мәліметінше, іздестіру жұмыстары үш сағаттан аса уақытқа созылып, нәтижесінде 16 жастағы бозбаланың мәйіті судан шығарылған. Қазір сот-медициналық сараптаманың қорытындысы күтіліп отыр.
Қала әкімі қайғылы оқиға бойынша пікір білдірген.
«Күшін дұрыс есептемеген, жүзіп өтемін деп ойлаған. Бос жерден бір баланы жоғалтып алдық, өте өкінішті. Алдын алу жұмыстары қажет. Шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге тыйым салатын белгілер орнату керек, рейдтер жүргізу қажет. Бізде екі жабдықталған жағажай бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Болашақта шіркеу маңында қосымша жағажайдың ашылу мәселесін қарастырамыз. Алдын ала сметасын дайындау керек», деді Рудный әкімі.
Төтенше жағдайлар департаменті кезекті рет:
- Тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылыңыз;
- Балаларды су жанында қараусыз қалдырмаңыз;
- Балаларға судағы тәртіп ережелерін түсіндіріңіз, тереңдіктегі ойындардың қауіптілігін ескертіңіз;
- Мас күйде суға түспеңіз;
- Бейтаныс жерлерге сүңгімеңіз – су түбінде тамырлар, құйындар, тереңдік ауытқулары болуы мүмкін екендігін ескертеді.