
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 10 ауылдағы ауыз су желілерінің құрылысы аяқталған. Нақтырақ айтсақ, Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды және Бәйтерек ауылдары орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.
«Қазіргі кезде 4 елді мекеннің мәселесін шешуге күш салып жатырмыз. Шарбақты, Күнбатыс – 2 Алға және Гвардейск ауылдарында ауыз су құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Қарасай батыр, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс, Күнбатыс – 1 ауылдарын тіршілік нәрімен қамту мақсатында жобалаушы мекемелермен келісімшарт жасалды», дейді Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков.
Жалпы алғанда осы жылы Жамбыл өңірінде 15,4 млрд теңгеге 36 ауылды ауыз сумен қамту жоспарланған. Аталған жұмыс толыққанды жүзеге асқанда Жамбыл облысының елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтылмақ.
Жамбыл облысы.