Тарих • Бүгін, 09:38

Тостаған

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кіреберістегі терезенің астында төңкеріліп жатыр екен. Көзіме оттай басылды. Баяғыда жарықтық әжем шаң жұқтырмай, тап-таза шүберекпен сүртіп, көзінің қарашығындай сақтайтын дүние. Бұл күнде ешкімге керегі жоқ сыңайлы.

Тостаған

Фото: kk.wikipedia.org

Сәлем беріп табалдырық­тан аттағанбыз. Құшақ жая қарсы алды. Немере ағамның шаңырағы. Шайға отырдық. Бұл күнде ауыл бақуатты. Ерінбей жұмыс істегендерінің еңсесі биік. Үй іші, жиһазы, ыдыс-аяғы тегіс жаңарған. Жиегі алтын түстес бояумен әрленген шай кесе. Өзге ыдыс­тары да жарқырай жайнап тұр. Ал, мен әжемнің көзіндей болып көрінетін, бұл күнде жиектері сынып, өңі қашқан ағаш тостағанмен ішкім кел­гені. Бала күнімізде әжем ескі естелігін жыр қы­лып айтатын. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда паналайтын жер іздеп біздің әулет ішке көшсе керек. Біздің жақтың адамдары іш деп Сібірдің қалың орманын, Омбы, Қорғанның маңайын айтады. Неге іш деп атайтындығын әлі күнге дейін түсінбеймін. Аласапыран сәл тиышталған соң елге қайтқан. Түгел, тайлы-таяғымен. Жаз ортасы ауа атажұртқа жетсе керек. Үй салып үлгермеген. Саман кірпіштен қалқайтып жертөле салыпты. Екі бөлмелі. Екі бөлмелісі әншейін сөз, анығында бір бөлме, ортасы пешпен бөлінген. Бергі жағын­да ас-су, киім-кешегі. Үлкен бөлмеде төрт отбасы жайғасқан. Үлкендермен қоса шүпірлеген қызыл қарын жас бала. Әжем айтатын, сол кезде бір шың еткен дыбыс шықпайтын. Ынтымақ, бірлік. Бүтін бидайды бөліп, жар­ты бидайды жарып жеген.­ Осы тостағанмен өлшей­тін едім дейтін біздің ­кейуана. Сол сәтте менің көзіме әжем­нің уысына сыйып ке­те­тін кішкентай тоста­ған­ның ішінде жарым дүниенің бе­ре­кесі шүпілдеп тұрғандай көрінетін.
Тостағанға қарап отырып есіме жамағайын Жәдігер­дің басындағы хәл түскен. Өзі алыс та емес, көрші тұрады. Екі қабатты коттедж үйде. Түнеу­күні кенже баласы бөлек шы­ғайын деп жат­қанын айтып, ренжіп отыр еді. Бір үйде төрт-ақ жан. Жәді­гер мен жеңгем, баласы мен келіні. Болды, бітті. Келін­нің қабағына қарап кісі аяғы да тиылған. Бұрынғы береке бөккен ауылдың тірлі­гін жастар біле бермейді. Екі қабатты үйге сыймай отыр­ған себебі, бүгінгі жас­тар бұрынғының бейнесін көр­меген. Әжемнен қалған тос­та­ғанды апарып бермек бол­дым. Аңыз, аңыз емес, шын­дық естелігімен бірге. Бәлкім, түсінер.