Қоғам • Бүгін, 08:49

Төрт ағайындының тағдыры

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында ағайын­ды Үрімбаевтар да майдан даласына аттанды. Алайда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Бөрте (бұрынғы Студенческий) ауылынан шыққан жауынгерлер – Езін, Қаден, Қазыржан, Жәкен туған жеріне төрт көзі түгел оралмады.

Төрт ағайындының тағдыры

Ағайынды жауын­гер­лердің ерлігі тура­лы естеліктерді Ас­тана қаласының тұрғыны Пана­сұлу Тетеғұлова қазіргі ұр­пақ­қа жеткізуді мұрат етті. Ол – май­даннан аман-есен орал­ған ағайынды төртеудің бірі Жә­кен Құрмановтың қызы. Жәкен әкесінің үлкен ағасының тәр­биесінде болғандықтан фамилия­сы Құрманов болған екен.

П.Тетеғұлованың айтуынша, Езін ағасы 1914 жылы туған. Ол ерте есейіп, ел қамын ойлаған ер болған. Езін Үрімбаев азамат және Фин соғыстарына қаты­сып, өмірінің көп жылдарын ел қызметіне арнаған. Ақтөбеде ветеринар мамандығын игеріп, еңбек етіп жүрген тұста фашистік Германия кеңес одағына басып кіреді. Осылайша, 1941 жылы соғыс басталғанда ол бірден әске­ри комиссариатқа барып, май­данға аттануға өтініш береді. Алайда денсаулығына байланыс­ты әскерге бірден алынбай, ауылда жұмысын жалғастыра береді. Сол жылы ол отбасын құрады.

«Езін ағам шаңырақ көтерген соң көп кешікпей оған әскерге шақырту қағазы келіп, әскери міндетін өтеуге Эстонияға аттанады. Майданда ерлігімен көзге түскен оның жанкештілігі 1­945 жылдың қаңтарында Польша­ның Краков қаласы маңындағы шай­қаста ерекше танылған. Жа­уынгерлік ерлігі үшін бірқатар ор­денмен марапатталған. Алайда көп ұзамай 26 қаңтар күні ауыр жарақаттан осы Польша жерінде көз жұмған», дейді П.Тетеғұлова.

Ал Қаден Үрімбаев 1916 жылы дүниеге келген. Ол 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысып, сол жақта із-түзсіз жоғалып кет­кендердің тізіміне енеді.

«Қаден ағам із-түзсіз жоғал­ғандардың қатарында болғанмен отбасымыз оның тірі екеніне се­ніп, үміттенген, деректер жина­ған. Біз де есейдік. Етек-жеңіміз кеңейген соң өзім немеремді алып 2015 жылы Сталинградқа бар­дым. Архив деректерінен Қаден ағамның Варшава түбіндегі шайқаста 1942 жылы ауыр жа­рақаттан қайтыс болғанын біліп келдім», дейді ол.

Соғысқа аттанған Қазыржан Тілемісов – отбасының кенже ұлы, 1925 жылы өмірге кел­ген. Езін ағасы секілді 1944 жылы ауыр жарақаттан Польша жерінде қайтыс болған. Бұл кісі туралы қолда бар деректер – осы ғана.

Осылайша, ағайындылардың үшеуі жеңісті күнде жолыға алмай, майдан даласынан оралмады. Ұлдарын үмітпен әскерге шығарып салған Үрімбаевтар отбасы Жәкен ұлының майданнан аман-есен келгеніне шүкіршілік айтып, тіршілігін жалғастыра берді. Жәкеннің қызы Панасұлудың айтуынша, ол өз заманында ерлігімен де, өне­рімен де көптің есінде қалған азамат болған. Соғыс жылдарында Берлинге дейін жетіп, талай ауыр шайқастарды басы­нан өткерген. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатта­лып,­ Сталиннің атынан Алғысхат алған. Бір шайқаста бес бірдей неміс солдатын тұтқынға алып, коман­дирлерінің мақтауына ие болған.

«Соғыстан кейін 1946 жылға дейін әкем Германияда қызмет атқарған. Ақтөбедегі ет комбинатында жұмыс істеді. Осы жылы отбасын құрып, 1947 жылы тұңғышы дүниеге келді. Әкем өмірден өт­кенге дейін қолы­нан домбырасын тастамады. Өте еңбекқор кісі еді. 1988 жылы дүние­ден өтті», дейді қызы Панасұлу.

Майдан даласы қаншама үйдің асыраушысынан, жал­ғызынан айырды. Ал төрт бір­дей ұлын соғысқа шығарып салу қандай қиын бол­ғанын елестетудің өзі ауыр. Алайда мұны сол кездегі әр отбасы басынан өткерді. Сондықтан Панасұлу секілді ел үшін жанын пида ет­кен батырлардың тұяғы аталары­ның ерлігі ұмытылмай ұрпақ санасында сақталса екен дейді. Соғыс жай ғана тарихи оқиға емес, ол адам тағдыры. Бұл әр жү­ректе жазылған ауыр естелік. Сол себепті біз әрбір жауынгерді, әрбір майдангерді еске алып, ұлықтап отыруға міндеттіміз.