Тарих • Бүгін, 08:47

Атамның аманаты орындалды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетін үзбей оқып жүргеніме тура
40 жылға жуық уақыт болыпты. Әлі күнге дейін әр санын мұқият оқып шығамын. Жеңістің 80 жылдығына орай жарияланған, Екінші дүниежүзілік соғысы жайлы жауынгер аталарымыздың ерлік-істері туралы мақалаларды оқып, атамды еске алып отырмын. Соғыстан оралмаған атам туралы терең білгім келіп, жылдар бойы ізденумен келемін.

Атамның аманаты орындалды

Оңтүстік Қазақстан облысында 1918 жылы дүниеге келген Хамытбек Исаев – менің атам Айнабектің туған інісі Ботабектің баласы. Жастайынан әке-шешеден жетім қалып, Айнабек атамның қолында өскен. Білімге құштар болып, Алматы қаласында дене шынықтыру техникумын­да оқыған. Оқу орнын бітірісімен әскерге алынып, Фин соғы­сына қатысқан. Ол соғыс аяқ­талысымен, елге оралды. От­басын құрам деп жүргенде, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әскерге Шымкент қаласынан шақырылған. Бізге мәлім дереккөздеріне қа­рағанда, Украин майданының 50-атқыштар полкінде жауға қарсы соғысып, 1943 жылдың 15 желтоқсан күні Украина жерінің Кривой Рог қаласына жақын жердегі «Червонный балка» деген елді мекенде ауыр шайқаста көз жұмған. Бұл – кейінірек мәлім болған деректер.

Алматы қаласында спорт мектебінде 9-сыныпта оқып жүргенімде атам Хамытбек Ботабекұлы туралы деректерді іздей бастадым. Бұл 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығын атап өтіп жатқан кез еді. Қан майданнан оралмаған атам туралы көп біле бермейтінбіз. Сол кездегі іздеу әрекеттерім де нәтижесіз болды. Дегенмен іздеуді үзбей, жалғастыра бердім. Себебі інісі туралы нақты хабар ала алмаған, көп уайымдаған атам Айнабектің шарасыз көңіл күйін көрдім, көмектескім келді. Көп жайттан бейхабар Айнабек атам 1980 жылы көз жұмды. Атам­ның аманатын орындауды парыз санадым. Әскери борышымды 1987–1989 жылдар аралығында Украина жерінде өтеп жүріп те іздеуді жалғастыра бердім. Өкінішке қарай, ешқандай дерек таба алмай, студент кезімде де іздендім. Подольск қаласындағы әскери архивтен де мардымды хабар ала алмадым.

Дегенмен жылдар бойғы іздеу нәтижесіз болмады. 2019 жы­лы кездейсоқ жағдайда іздеу жұмыстарымызға жаңа мүмкіндік туды. Атап айтқанда, сол жылдың көктемінде ағам Бекжан Айнабековтің жұмыс орнына Ресей әскерінде қызмет етіп, полковник шенінде зей­неткерлікке шыққан азамат келіп, жөн сұрасқан. Атамызға қатысты жағдайға қаныққан сол кісінің көмегінің нәтижесінде атам Хамытбек Исаевтың Украи­нада жерленгенін білдік. Сөйтіп, жазда еңбек демалысында жүріп, әкем Тоқтасын, мен және інім Досжан Киев қаласына ұшып келдік. Сол қалада жаттықтырушы болып жұмыс істейтін, ілгеріде Қазақстандағы премьер-лига командалары құрамында футбол ойнаған Украина азаматы Роман Пахалюк бізді күтіп алып, жол көрсетті. Кривой Рог қаласына өз көлігімен жеткіз­ді. Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз. Сол жерде «Червонный балка» шағын елді мекен ор­талығында қаруластар зиратына жерленген атамызға арнап Құран бағыштадық. Қаруластар зиратында 20-дан аса жауынгер жерленген екен. Елден апарған бір уыс топырақты атамның зиратына салдық. Елге келген соң, Хамытбек атамның аруағына ас беріп, атам Айнабектің аманатын орындадық.

Енді соғыстан қайтпаған атамның жауынгерлік жолдарын анықтап, қағазға түсіру және ұрпақтарына жеткізуді мақсат етіп отырмын.

 

Сержан АЙНАБЕКОВ,

Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы