Заң • Кеше

Перизат Қайрат ісінде Димаш Құдайбергеннің есімі аталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істің сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Перизат Қайрат ісінде Димаш Құдайбергеннің есімі аталды

Бүгінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы Арман Кезекен сотқа қатыса алмаған 11 куәгерден алынған жауаптарды жария етті. Айтуынша, күдікті Перизат Қайрат белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен өтетін фестивальге 10 миллион теңге көлемінде демеушілік қолдау тартуға тырысқан.

«Скиф Трейд» ЖШС-нің өкілі Максим Абдуразаковтың куә болу жайтына сүйенсек, айыпталушы оны ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған фестивальге шақырып, қаржылай көмек көрсетуді ұсынған. Әңгіме 10 миллион теңге жайында болған және іс-шараның хедлайнері ретінде Димаш Құдайберген болатыны хабарланған», – деді прокурор Арман Кезекен.

Прокурор куәгерлердің жауабын оқыған соң, сотта тағы бірнеше адамнан жауап алынды. Перизат Қайрат ісі бойынша куәгер ретінде жауап берген Әділхан Мусин қайырымдылыққа жиналған қаражаттың қалай қолма-қол ақшаға айналғанын айтып берді. Сөзінше, былтыр көктемде Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін Қытай шекарасынан киіз үй мен басқа да тауарлар алуға қолма-қол ақша керек екенін айтқан. Мусин оған бірнеше жеке кәсіпкермен байланыс орнатуға көмектескен. Қордан сол кәсіпкерлердің есепшоттарына ақша аударылып, кейін олар қаражатты банктен шешіп, қолма-қол күйде Перизат Қайратқа беріп отырған.

«Ол шұғыл түрде киіз үйлер, биодәретханалар және басқа да тауарларды аймақтарға жөнелту қажет екенін айтты. «Бір бөлігі сатып алынған, бірақ Қытайдағы жеткізушілер ақша аударымын қабылдамай қойған». Бұл – Перизаттың сөзі. Жағдайды тезірек шешіп, көмекті жеткізу керек болды. Мен келістім. Содан кейін өз таныстарыма, туыстарыма жүгіндім. Сол кезде бәрі заң аясында жүреді деп ойладық, өйткені қор келісімшарт жасалады деп сендірді», – деді куәгер Әділхан Мусин.