Экономика • Бүгін, 10:13

Машина жасау саласы жарты жылда 11,1% өсім көрсетті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 шілдеде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында сектордың қарқынын одан әрі жеделдету және қосымша әлеуетін ашу мүмкіндіктері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Машина жасау саласы жарты жылда 11,1% өсім көрсетті

Фото: inbusiness.kz

Экономикалық өсімге үлес қосатын саланың бірі - машина жасау. Осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша елімізде машина жасау өндірісі оң өсім көрсеткен. 

Машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторының бірі ретінде жалпы көлемнің 19%-ын қамтамасыз етеді. Өсудің негізгі драйверлері: автомобиль (+12,1%), теміржол және басқа да көлік құралдары (+7,1%), ауыл шаруашылығы техникасы (+1,3%), электротехника (+21,5%), компьютер, электрондық және оптикалық жабдық (өсім 1,7 есе) өндірісі, сондай-ақ машина және жабдық жөндеу мен орнату (+12%) салаларында екені анықталды. 

Автомобиль жасау машина жасау көлемінің шамамен 41%-ын құрайды. Бүгінде елімізде JAC, Chevrolet, KIA, Lada, Jetour, Hongqi, Skoda, Hyundai және Genesis брендтерін шығаратын екі автозауыт жұмыс істеп тұр.

Биыл Қазақстанда тағы екі жаңа кәсіпорын Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайдағы KIA зауыты іске қосылады. Алматыда CHANGAN, Haval және CHERY сияқты брендтердің автомобильдерін шығару жоспарланған.

«Жаңа қуаттарды пайдалануға берудің арқасында елімізде шағын тораптық технология бойынша жиналатын автомобиль өндірісінің көлемі едәуір артады. Бұл модельдер қатарын көбейтуге және отандық автоөнеркәсіптің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
2025 жылы Қазақстанда 147 824 автомобиль шығару жоспарланып отыр. Вице-министр салада бұл көрсеткіштен асып түсу үшін бар жағдай жасалғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерге сертификат беруге байланысты процесті оңтайландыру кезінде қарқынды өсіру мүмкіндігі жоғары.

Вице-премьер Серік Жұманғарин сауда және интеграция министрлігіне аталған рұқсат құжаттамасын жедел беру үшін шара қабылдауды тапсырды. Бұл жаңа модельдердің сериялық өндірісін уақтылы іске қосуға және машина жасау қуатының жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді.