Өнер • Бүгін, 09:06

Өнер мерекесі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен 16 мамыр мен 13 шілде аралығында «Астана Опера» театрында «Опералия-2025» халық­аралық музыкалық фестивалі өтті. Оған 12 мыңнан астам көрермен жиналды. Фестиваль Дж.Пуччинидің «Тұрандот» операсымен түйінделді.

Өнер мерекесі

Қойылымның дирижері – Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, театр­дың бас дирижері әрі спектакльдің қоюшы-дирижері Алан Бөрібаев. Оның жетекшілігімен «Астана Опера» симфония­лық оркестрі мен хоры керемет қуат пен эмоциялық тереңдікті шебер жеткізіп, көпші­лікке ұмытылмас әсер сыйлады.

Тұрандот ханшайымның басты партиясын театрдың прима әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Бибігүл Жанұзақ орындады. Калаф рөлін Ресей опера сахнасының әртісі Михаил Пирогов пен көптеген халықаралық театр­ларда өнер көрсеткен тембрі ерекше әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев сомдады. Айта кетейік, бұл ­фестиваль отандық және шетелдік әртістер­дің өнерін көруге, сондай-ақ жаңа есімдер ашуға мүмкіндік берді.

Көрермен алғаш рет Ролан Петидің эксклюзив балет трилогиясын («Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен») тамашалап, Алтынай Асылмұратова қойған «Ұйқыдағы ару» балетінің таңғажайып премьерасына куә болды. Сондай-ақ Евгений Чайников қойылымындағы «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасы да өтті. Көпшілікке Қытай, Франция және Ресейден келген танымал жұлдыздар Чжумин Чэнь, Мэн Ин Фан, Мария Ильюшкина және Эван Капитен қатысқан гала-балет ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара аясында «Nomad Inspiration» біре­гей жобасы да халықтың қызығушылығын тудырды. «HasSak» ансамблінің және жобаның қоюшы хореографы Сұлтанбек Ғұмар баста­ған театрдың балет труппасы орындаған аспап­тық қазақ этно-фольклоры мен балет өнері­нің синтезі қалың көрерменнің көңілінен шық­ты.

К.Байсейітова атындағы Камералық зал да қалыс қалған жоқ. Жұртшылық назарына виолончель кештері, фортепиано солосы ұсынылып, Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-буффасы қойылды.

Іс-шара аясында қойылған классикалық туындылар, эксперимент жобалар мен ұлт­тық классикалық шығармалар фестиваль бағ­дарламасының көркін ашып, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, театр өнерінің мұрасын байыта түсті.