Руханият • Бүгін, 09:05

Тұлға белесі: даярлық туралы ой-толғам

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Міржақыптың мерейтойы жақындаған сайын осы айтулы кезеңге дайындық барысы әртүрлі деңгейде пысықталып, елдік сынның, ұлттық пайымның талаптары жіті сараланып, атқарылатын іс-шаралар барысы пысықталып жатқаны орынды. Бұрын алыстан естілетін той дүбірі күн өткен сайын нақ іргеге тақап қалғаны сезіліп, тіптен қамшы бастыра түсетіндей.

Тұлға белесі:  даярлық туралы ой-толғам

Ұлтын қалың ұйқыдан оят­пақ­шы болған қайраткердің пассионарлық қимыл-әрекеті азаттық алған тұста да, бүгін де ел бола­шағын ойлаған асыл құндылыққа жалғасқаны анық. Осыны байыптағанда халқының болашағы үшін жанын пида етуден тайынбаған алашшыл қайраткердің көрегендік, ержүректік, саяси алғырлық қасиеттері «мен қазақ­пын» деген әрбір жүректі атойлай соқ­тырып, үміт пен сенім қоңырауын безіл­дете қағатындай әсерге бөлейтіні нағыз табиғи мақтаныштың тербелмелі түйсігіндей сезіледі. Ыбырай білім қоңырауын отарланған қазақ дала­сында күмбірлетсе, Міржақып ұйқы бас­қан халқын селт еткізіп оятуға шы­быртқының шартылынан да бетер мәрт­тікпен «Оян, оян!» деп атойлады аб­ды­раған қазақ еліне. Екеуінің де халқым деп соққан ұлы жүрегі алдамапты, бі­лім­ді елі уақыт сынақтарына төтеп бе­ріп, бү­гінгі егемендіктің тағдырлы туын биікте желбіретіп келеді. Бұдан өт­­кен тарих сыйы болар ма? Ұзағынан сүйіндірсін!

Міржақып мерейтойын зерделеген, жай-жапсарын күйттеген Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ.Иса мен Б.Бейсенғалиев те Торғай өңірінде, оның ішінде Алаш арысының кіндік қаны тамған Қызбелде, мәңгілік тыныс­тап жатқан Бидайық ауылында болып, нақты іс-шаралардың барысын бажайлап келді. Кейбір түйткіл мәселелерге тиісті органдардың назарын аудармақ ойлары барын да жасырмады.

Той алдындағы қарбалас сәттерден туындайтын соны мәселелер де баршы­лық екенін жете сезінген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жуырда Астанаға шұғыл жиналып, осын­дағы бірнеше қаламгердің басын қо­сып, пікірлесуді жөн санапты. Соны­мен Мем­лекеттік сыйлықтың лауреат­тары, көрнекті жазушылар Қойшы­ға­ра Салғараұлы мен Төлен Әбдік, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және осы жолдардың авторы мерейтойға қатысты ойларымызбен бөлісіп, ұсыныстарымызды айттық.

Алдымен облыс әкімі Қ.І.Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан кең түрде әңгіме қозғады. Тойдың таралғысындай білінген бұл табыс бедерлері көңілді өсіріп жіберді. Өңір өндірісі мен өнеркәсібі, құры­лысы мен көліктік көкжиегі кеңіп, ауыл шаруа­шылығының перспективалық ілге­рілеуі анық байқалады. Бүгінде Қостанай облысы машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қара металлургия саласындағы елі­­міздің жетекші индустриялық орта­­лықтарының бірі болуға сенімді түрде қадам басып келе жатқаны қызық­тырады. Қазіргі таңда облыс азық-түлік пен автомобиль өндірісі көлемі бойынша жетекші орынға ие болып отыр. Өңірде республикалық көр­сет­кіштерден 67 па­йыз темір кені концентраты, 80 пайыз темір кені және 100 пайыз түйіршіктас, боксит пен асбест өндіріледі. 19,3 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 13,3 мыңы – тұрақты негізде. Биыл 4 жаңа зауыт іске қосылады. Олар «КІА» зауыты, жүк техникасына арналған жетекші бел­діктер мен жеңіл автомобильдерге сәй­кестендірілген автокомпоненттер зауыты, сондай-ақ кондитерлік өнімдер шы­ға­ратын зауыт. Осылайша, 4 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жос­парланып отыр. Бұл ыстық брикетті темір зауыты, болат балқыту зауыты және «Құрғақ порт» көлік-логистиалық орталығы болмақ.

Ал ауыл шаруашылығы саласында осы жылы үш ірі сүт фермасы іске қосылатын болады. Барлық жобаларды ең алдымен энергия көздерімен қамтамасыз ету қолға алынып жатыр. Сөйтіп, баламалы энергия көздерін енгізу бойынша 6 ірі жобаны іске асыру қазірдің өзінде басталып кетті.

Жалпы, кейінгі екі жыл ішінде 58 әлеу­­меттік нысан салынды. Жыл соңы­на дейін тағы он нысанның ашылуы жоспарланған.

Осындай көңіл өсірерлік көрсеткіш­терге жалғасқан әңгіме Міржақып тойының дайындығы барысына ұлас­ты. Қойшығара Салғараұлы тарих қат­­парынан Алаш арыстарының әлі де бей­мәлім деректерін аршып алу тұрғы­сында көп ізденіс қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Әділетті Қазақ­­стан тұсында шыққан «Алашорда ісі» көп­томдығының маңызын баса айтты. Сон­дай-ақ өзінің зерттеу ең­бек­терін­дегі қазақ тарихына қатысты өзекжарды мәселелердің әлі күнге таса­да қалыңқырап, тіпті мектеп оқулық­тары­на енгізілмей жүргенін жа­уап­ты орындар тарапының енжарлығына бала­ды. Тарихын бағалаған елдің өрісі кең еке­нін алға тартып, тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын жазуда жаңашылдықты, елдік парасатты басшылыққа алуды ес­кертті. Осы ретте Міржақып мұра­сы телегей теңіз және көп салада басшы­лыққа алатын негіз деп түйіндеді сөзін қаламгер-ғалым.

Ал көрнекті жазушы Төлен Әбдік Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңін жатқа айта келіп, «Кешегі қара күн­дерде, Жұлдыз­сыз, айсыз түндерде, Жол таба ал­май сенделіп, Адасып Алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, Сұрай­мын, сонда қайда едің?» деген шумақ­тарының кең диапазонына талдау жа­сап, билік пен халық арасының бекем­дейтін тұстарының әлі де болсын­ жеткілікті екенінен сыр аңғартты. Сон­дай-ақ ол кадрлардың адамгершілік қағидаттарына аса берік болуына көп нәрсе байланысты екенін де тілге тиек етті. Ал Міржақып тойының туған өңірі аясында қалып қоймай, ел көлемінде кеңінен тойланғаны дұрыс болар еді деген ұсыныс айтты.

Айтыстың ақтангері Әсия Берке­но­ва бұл мерейтойдың ұлт рухын ас­қақтатарлық рөліне тоқталып, Мір­жа­қыптай тіл білгірінің таңдаулы сөз­дерін актив қолданысқа енгізудің жөн-жобасын саралап берді. Әрине, бұл ой қазіргі айтыс өнерінің дамуына бе­рік тетік боларлық мүмкіндіктерді нұсқағандай еді.

Біздің тарапымыздан айтылған Қостанай қаласында Ахмет Байтұр­сынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби-мәдени шығармашылық орта­лығын салу туралы ұсынысқа Құ­мар Іргебайұлы бірден қолдау білдірді. Сонымен бірге Міржақыптың кесенесі мен музейі орналасқан Бидайық ауы­лындағы аз ғана түтінді көздің қара­шығындай сақтап, жаңа отбасылармен толықтыру үшін несие беру арқылы сырттан егін шаруашылығымен айна­лысуға, мал өсіруге адамдарды тарту жайы да шешімін табатын болды.

Қаламгерлермен кездесу соңында Қос­танай қаласында орнатылатын Мір­жақып Дулатұлы ескерткіші жо­басы­ның бірнеше нұсқасы сарапқа салынды.

 

Қайсар ӘЛІМ,

міржақыптанушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері