Аймақтар • Бүгін, 08:48

Ауыл тұрғындарын барынша қолдау қажет

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылда жұмыс орындарын көптеп ашқан жөн. Өңір халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралап жүрген сенаторлар осылай деді.

Ауыл тұрғындарын барынша қолдау қажет

Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыр­тау және Ақжар аудандарында болды. Олар алдымен Айыртау ауда­нындағы Саумалкөл ауылында спорт стадионының құры­лысын көрді. Сондай-ақ Куту­зовка ауылында құрғақ бие сүтін өндіретін ферманың құрылыс алаңында, Горное ауылында орман тұқымбағында болды.

«Біз ауылдарды сақтау мен дамытуға қажетті барлық жағ­дай­ды жасай отырып, жайлы ахуал қа­лып­тастыруға көңіл бөлуіміз керек. Жастардың жұмыс іздеп қала­ға кетуі – күрделі мәселе. Ауылда жұмыс орындарын ашу қажет. Өйткені бұл – толыққанды өмір сүрудің негізі», деді Ә.Рахметова.

О.Перепечина аймаққа сапары барысында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты.

«Әр түлектің өз кәсібін та­уып қана қоймай, туған өлкенің және жалпы еліміздің дамуына үлес қосуын тілеймін. Игерген білім мен үйренген дағды табыс­ты еңбек жолында берік негіз болатыны сөзсіз. Университет талай көшбасшылар мен білікті мамандарды даярлап шығарды», деді сенатор.

Ал Сенат депутаттары Сұл­тан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Тола­мисов Жетісу облысындағы Кер­бұ­лақ ауданының Қоғалы ауы­лын­дағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды аралады.

Ауыл еңбеккерлерімен кездесуде құрғақшылық кезінде қолдау шаралары, техника және тыңайтқышпен қамтамасыз ету, суармалы суға қол жеткізу мәселелері талқыланды. Тұр­ғын­дар субсидия жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несие беру бағдарламасының ауқымын кеңейту, білікті агрономдар даярлау жөнінде ұсыныстарын айтты.

«Ауыл – бұл өндірістік күш-қуат қана емес, еліміздің тұрақтылығының кепілі. Ауыл еңбеккерлерін қолдау және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың маңызды міндеті болып қала береді», деп атап өтті Ғ.Сарыбаев.

Депутаттар Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысындағы Бәйте­рек және Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында болды. Сенаторлар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыру барысымен танысып, өңірді дамытудың мәселелерін жергілікті тұрғындармен бірге талқылады.

Депутаттар Макарово ауылында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа құс фабрикасына да барды. Сондай-ақ Октябрьское ауылында көкөніс өсірумен айналысатын «Август» шаруа қожалығының қызметімен танысып, коллекциялық бақты аралады. Бағбандар 2024 жылдың көктемгі су тасқыны айтарлықтай зиян келтіргенін айтты, бақтағы жеміс ағашының 80 пайызы қурап қалған. Сенаторлар мәселені салалық мемлекеттік органдарға жеткізуге уәде берді.

Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова, Мұрат Қадырбек Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің студент­терімен және профессор-оқыту­шылар құрамымен кездесті.

«Сенат алдағы уақытта да жастардың мүддесіне, заң­намалық базаны жетілдіруге және қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті қалыптастыруға үлес қоса бермек», деді Н.Бек­на­заров.

Сонымен қатар Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамасы институтында болды. Сенаторлар қызметкерлердің еңбек жағдайын, кадр саясатын және техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.

Сенатор Ольга Булавкина Өскеменде қала тұрғындарымен кездесіп: «Азаматтардың жақсы өмір сүруі жайлы қаладан бас­талады. Халықпен кездесулер өткізу жергілікті жерлерде аса өткір проблемаларды жедел түрде анықтауға және жүйелеуге мүмкіндік береді. Әрбір өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен қажетті жұмыс жүргізіліп, пысықталады. Оның ішінде Парламент араласуын талап ететін мәселелерде де бар», деп атап өтті.