
Бүгінгі таңда аталған нысандардың тек ғимарат қаңқасы ғана тұрғызылған. 2,3 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалғанымен, құрылыс сапасына байланысты қабырғаларда жарықтар пайда болып, нысандар апаттық деп танылған. Осыған орай жергілікті әкімдік құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
Кездесу барысында тұрғындар мен жергілікті билік өкілдері бұл тұрғын үйлердің аяқталуы баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін аса маңызды екенін жеткізді. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген.
Ерболат Саурықов бұл мәселенің әлеуметтік маңызын атап өтіп, оны жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе қарап, шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол нысанға қатысты нақты қорытынды шығару үшін құрылыс саласындағы мамандандырылған ұйым «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-нан (Қазақстан құрылыс ғылыми-зерттеу және жобалау институты) арнайы сарапшылар шақыруды ұсынды.
«Бұл үйлердің тағдыры тек Исатай ауданының тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өңірлік дамуға тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Жағдайды мұқият зерттеп, нақты шешім қабылдау қажет», деді депутат.
Мәжіліс депутаты нысанның әрі қарайғы тағдыры жіті бақылауда болатынын, керек болса депутаттық сауал жолдайтынын айтты.