Қазақстан • Бүгін, 08:36

Солтүстік Арал толысады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Су мәселесі бойынша халық­аралық ынтымақтастық күшейіп келе­ді. Үкіметтің көрші елдермен жүр­гізген келіс­сөздері оң нәти­же беріп, биыл Солтүстік Арал­ға 975 млн текше метр су жібері­­летін болды. Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-отырысында осындай шешім қабылданды.

Солтүстік Арал толысады

«Самарқанд қаласында өткен отырыста Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен жасалған келісімдердің нәтижесінде биылғы суару кезеңінде Қазақстанға Сырдария өзені бойынша 3,7 млрд текше метр су, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 909 млн текше метр су келіп, Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберіледі», делінген Үкіметтің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ биыл сәуірде Аста­на қаласында Қазақстан мен Қыр­ғызстан Шу және Талас өзендеріндегі 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесін бекітті.

«Мәселен, мамырдан қыр­күйекке дейін Қазақстанға Талас өзені бойынша 400 млн тек­ше метр су, Шу өзені бойынша ­180 млн текше метр су беріледі. Осылайша, 2025 жылдың ­веге­тациялық кезеңінде сумен қам­та­масыз етудің (сәуірді ескере отырып) жалпы көлемі 625 млн текше метрді құрай­ды», деп түсіндірілді Үкімет тарапынан.

Еске салсақ, 2024 жылы Арал­ға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберілді. Жалпы, Сол­түс­тік Аралды жандандыру жұ­мыс­тары үш негізгі бағытта жүр­гізіліп жатыр. Алдымен теңіз­де және оған жақын аймақта балық аулау мен су жағдайын жақ­сарту, сондай-ақ Сырда­рия өзе­нінің атырабындағы сулы-батпақты жерлерді тұрақ­тандыру жұмыстары жүр­гізілді. Нәтижесінде, су инфра­құрылымы жетілдіріліп, Сол­түстік Арал мен Сыр­дария аты­ра­бындағы гидроло­гиялық жағдай біршама жақсарған.

Бұдан соң Қызылорда облы­сында балық, мал, орман ша­руа­шылығын және экотуризмді дамыту қарастырылған. Сондай-ақ Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын басқару жүйесін, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға күш салынады.

Мамандардың айтуынша, қазір теңіздегі судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеген. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сәйкес, Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғаш­қы кезеңі бо­йынша теңіздегі су көлемі 42 пайызға артып, 27 млрд текше метрге жетті. Осылайша, бір жылда теңізден 8 мың тонна балық ауланған. Сонымен қатар жобаның алғашқы кезеңінде Көкарал бөгеті салынды.

Қазір өңірде сирек кездесетін балық түрлерін өсіретін Қамыс­тыбас балық тұқымбағы бар. Арал ауданының Қосжар елді мекенінде орналасқан балық шаруашылығы мемлекеттік тапсырыспен Кіші Арал теңізіне, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көліне құнды балық түрлерін маусым сайын жіберіп отырады. Дерекке сәйкес, шаруашылық жұмысшылары жылына 50 млн-ға жуық шабақ, 12 млн-ға жуық тұқы, дөңмаңдай, ақ амур секілді сирек кездесетін балықтарды теңізге жібереді. Сондай-ақ шаруашылық Қазақстанның Қызыл кітабына енген Арал қаязын өсіреді.

Бүгінде Солтүстік Арал теңі­­зін сақтап қалуға арналған жо­ба­ның екінші кезеңі бас­талды. Оны Дүниежүзілік банк қаржы­ландырады. Атап айт­қан­да, ха­­лықаралық қаржы ұйы­мы жо­баның техникалық-эконо­ми­ка­лық негізде­месін әзірлеу­ге грант бөлген. Су ресурс­тары және ирригация ми­нистрлігі ауқымды жоба­ның тех­никалық-экономикалық негіз­демесін әзір­леді, ал оның сараптама қоры­тындысы осы жылдың желтоқсан айында дайын
болады.

Онда Үлкен Арал мен Кіші Арал теңізін екіге бөліп тұрған Көкарал бөгетінің 12 шақырымы қайта жаңғыртылады. Бұған қоса Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыруға арналған гидроторап салынбақ. Осындай жұмыстардың нәти­жесінде Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейі 44 метрге көтеріледі деп болжап отыр мамандар.

Министрліктің таратқан мә­ліметінше, Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3 913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуына 4-5 жыл қажет.

Жалпы, Үкімет су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәсе­лесінде көршілес елдермен келіс­сөздер жүргізіп, нақты қадам­дар жасады. Алдағы уақыт­та осындай келіссөздерді жал­ғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақ­ты ұстап тұруды жоспарлап отыр. Аралды қалпына кел­тіруге бағытталған жоба ең алды­мен, өңірдің экологиялық жағ­дайын жақсартуға, балық ша­руашылығы мен туризмді дамы­туға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.