Қоғам • Бүгін, 08:30

Кәсіподақ жұмысшы құқын қорғайды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезі өтті. Онда еліміздегі кәсіподақтардың 2030 жылға дейінгі қызмет стра­­те­гиясы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың реформаларын қолдау туралы саяси қарар қабылданды.

Кәсіподақ жұмысшы құқын қорғайды

Фото: kasipodaq.kz

Съезге 300-ге жуық делегат, шетел ұйым­да­рының өкілдері, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының Еңбеккерлер қызметі жөніндегі бюро директоры Мария Хелена Андре, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Люк Триангл, осы конфе­дерацияның Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (БЕАК) бас хатшысы Эстер Линч, прези­денті Игорь Зубку, Грузия, Өзбек­стан, Әзербайжан, Жапо­ния, Польша, тағы басқа да ел­дер­дің ұлттық кәсіподақ ор­та­­лық­­тарының басшылары ­қа­тысты.

Келелі кеңесте Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің кейінгі бес жылдағы есебі тыңдалды. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин есеп бере келіп, ұйымның мақсат-мұраты туралы баяндады.

«Кәсіподақ бар жерде қауіпсіздік бар. Қауіпсіздікті ұжымдық шарттар арқылы үйлестіреміз. Қазір 16 мыңнан астам ұжымдық шартымыз бар. Кәсіподаққа қосылған мекемелер ұжымдық шартпен қамтылған. Ұжымдық шартты кіші Конституциямыз деп айтсақ болады. Ол кәсіпорындардағы еңбек, әлеуметтік қатынастарды реттейтін құжат. Жуырда заң клиникасын құрдық. Онда мамандар тәулік бойы еңбек адамдарына құқықтық көмек көрсетеді. Кәсіподақ федерациясына 6 мыңнан астам өтініш түсті. Сондай-ақ салалық ұйымдар, бастауыш ұйымдар­ға келген өтініштер тіпті көп. Сотта 247 іс жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 3,7 млрд теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды. Қазір елдегі барлық филиал жұмыс істейді. Жұмысшылардан түсетін өтініштердің басым бөлігі жалақы мәселесін кө­те­реді. Кез келген кәсіподақ мүшесі, яғни жұмысшы қайда жүрсе де, заңгерлерге хабарласып, құқықтық көмек алуы керек. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз»,  деді С.Дәулеталин.

Делегаттар Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау бастамасын зор ықыласпен қолда­ды. Бұл шешім – жұмысшы маман­дықтарының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Съездің үндеуі – «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар». Тақырып Мемле­кет басшысының әділдікті қамтамасыз ету, «Әділетті Қазақстан» қағидатын іске асыру туралы негізгі тұжырымымен тамырлас.

«Біз елімізді әлемдік кәсіп­одақтар кеңістігіне қайта алып шықтық. Еліміз Халықаралық еңбек ұйымының еңбек құқық­тарының бұзылуы жөнінде жасалған «қысқа тізімнен» шығарылды, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. ХЕҰ-мен бірлескен Жол картасына қол қойылды. Бұл – еліміздің еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы», деді С. Дәулеталин.

Кәсіподақтар еңбек адамы­ның мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсар­туға ықпал етуді көз­дейді. Съезде федерацияның алдағы бес жылға арналған даму бағыты, стра­тегиясы айқындалды. Стра­те­гияның жобасы алдын ала барлық өңірде, салалық кәсіп­одақ­тарда талқыланған. Съезде қоры­тынды қаулы ғана қабылданды.

«Кәсіптік одақтар – қо­ғамның ажырамас бөлігі. Олардың қызметінің негізгі қағидаттары – әрқашан еңбек­­керлердің құқы мен мүддесін қорғау. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді түбегейлі жаңғыртуға, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағытын қолдаймыз», делінген қаулыда.