Мирас • Бүгін, 07:40

Болған ана күмбезі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болған ана күмбезі – Ұлытау облысының маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштері тізіміне енген ортағасырлық сәулет өнері. Алтын орда дәуірінің ескерткіші Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында, Қаражар шатқалында орналасқан.

Болған ана күмбезі

Болған ана – Шыңғыс ханның немересі, ұлы Жошы ханның туған қызы. Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің әйелі болған. Ел аузын­да сақталған аңыз-әң­гімелерге қарағанда, тоқсан жасқа келіп көз жұмған әрі артында көп ұрпақ қалған. Жұбайы Сығанақ-тегін өмірден өткеннен кейін оның орнына ел билеген.

Мәшһүр Жүсіп Кө­пейұлы «Бұрынғы заманда Түркістанда Талмас ата деген әулие болған. Бәйбішесінің аты – Бол­ған, тоқалының аты – Белең. Кенже тоқалының аты – Ақбикеш. Болған ана Сарысудың бас жағында, Белең ана Сарысудың аяқ жағында, Ақбикеш Қаратауда қоныстанған», деп жазады. Болған ана мұсылмандық жолды ұстанған парасатты әйел екен. Оның мазарына барып бала сұрап, еміне шипа тілеп келетін жұрт көп.

1990 жылы Алматы архитектура және құ­рылыс институтының экспедиция жетекшісі Ескендір Бәйтенов зерттеген кесененің қасбеті арқалы, порталды кірер аузының айналасы қуыс­тана, қабырғаның өрнегі ретінде қаланған. Күйген кірпіштерде ру таңбалары салынған. Бөлменің төменгі шаршы бөлігінің күмбез шеңберіне өтер тұ­сын­дағы бұрыштары арқалы тромпты тәсілмен өріл­ген.

2018 жылы археолог Айбар Қасеналин кесенеге археологиялық зерттеу жұмысын жүргізді. Қазба жұмысы барысында кесенеден жәдігерлер табылды. Атап айтқанда, алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ, тағы басқа жәдігерлер. Табылған жәдігерлер Алтын орда дәуірінен хабар береді.

«Ұлытау» ұлттық та­рихи-мәдени және та­биғи музей-қо­ры­­ғының экскурсия жетекшісі Қым­бат Талғатбекқызы: «Аңыз­дарда Болған ананы Алаша ханның келіні деп те айтады. Археолог Айбар Қасеналин ар­хео­логиялық қазба жұ­мыстарымен қатар, зерт­­ханалық талдау жа­­салғанын айтады. «Болған ана Жошы хан­­ның қызы ма, әлде ке­ліні ме?» деген сауалды анықтау барысында Жапония мен Ұлы­бри­танияда Болған ана сүйегіне генетикалық зерттеу жасалды. Сарап­таманың алдын ала нә­тижесі бойынша Жошы ханның қызы деген болжам бар. Қазіргі таңда музейге антропологтер мен мүсіншілер жасаған Болған ана бейнесінің жаңғыртпасы қойылды», дейді.

 

Ұлытау облысы