
Тарихта 1931-1933 жылдар аралығында кеңестік озбыр саясаттың кесірінен қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың зардабы қандай болғаны бәрімізге белгілі. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген Қазақстанның сол кездегі басшысы Голощекиннің зұлым ұстанымы ұлтымызды ұмытылмастай нәубетке ұшыратты. «Ет тапсыру» науқанымен ұрандатып, қарапайым жұрттың алдындағы ақ адал малын күштеп тартып алудың ақыры халықтың жаппай бас көтеруіне ұласты.
Қайнар ауылынан (бұрынғы Абыралы ауданының орталығы) арыда жатқан Ақсай жерінде болған көтеріліс жайында жазылған деректерге зер салған жанның төбе құйқасын шымырлатпай қоймас.
Қарсылық қалай басталды?
Тарихи деректерге сүйенсек, 1931 жылы қаңтар айында БК (б)П ОК мен өлкелік комитетінің, Қазақ АКСР-ы үкіметінің шешіміне сәйкес бүкіл республика бойынша өкіметке мал тапсыру жоспарының 70%-і сол жылдың 1-тоқсанында орындалуы талап етілді. Жоспарға сай Абыралы ауданының шаруалары әуелі 8 745 тонна, кейін түзетілген есепте 3 379 тонна ет өткізуге тиісті болды. Бірақ аудан халқының қолындағы малды түгел өткізген күнде де шаруалар бұл жоспарды орындай алмас еді. Олардың басы артық малы осыған дейін-ақ ортаға және өкіметке өткізілген. Соған қарамастан өктем билік бұл науқанды іске асыруға қызу кіріседі. Нәтижесінде 1931 жылы 12 ақпанда аудандағы барлық ауылдарда қарсылық әрекеттері басталды. Ауданның шығыс жағындағы 2, 3, 5, 7, 12 және 14 ауылдардың Қосқан Бітебаев, Түскей Смағұлов т.б. бастаған 700-дей адамы аудан орталығы Қайнарға бас көтереді. Қайнарды қорғап тұрған қарулы отряд оған тойтарыс берген соң, олар ауылдарға тарап, ұсақ топтарға бөлініп, маусым айына дейін қарсылық әрекетін тоқтатпайды. 1931 жылы маусымда ОГПУ әскерлерінің күшімен олардың бәрі тұтқындалып, жауапқа тартылды. Ауданның солтүстік-батыс жағындағы 4-6-ауылда Ысқақ Кемпірбаев бастаған 300-ден астам шаруалар (Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты, Еңбек, Прогресс ауылдарының жерінде) қарсылығы тегеурінді сипатта өтіп, кеңестік әскерге бір айға дейін берілмейді. Ауданнан шыққан коммунарлар отрядын (20 адам) тұтқынға алып, үкіметке зорлық-зомбылық саясатын тоқтату жөнінде талап қойған олар елден тартып алынған мал мен астықты халыққа қайтартып бергізді. Бірақ Қарқаралыдан, Семейден келген ОГПУ-дың тұрақты әскери бөлімдеріне төтеп бере алмай, жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің көпшілігі қаза табады. Көтеріліс басшысы Ы. Кемпірбаев және басқалары тұтқынға алынды. 1931 жылы күзде Абыралы көтерілісіне қатысқан 500-ден астам адам жауапқа тартылды. Тек Кемпірбаевтың жасағында болғандардан 274 адам сотталып, 85 адам атылды.
Тарихқа тағзым
Қойнауында әлі талай шерлі шындық тұнып жатқан Ақсай жерінің кейінгі ұрпақ үшін тарихи маңызы айрықша. Өйткені, жоғарыда айтылған сол кездегі ауылдардың барлығы дерлік осы төңірекке қоныстанған екен.
«Алдындағы азын-аулық малынан өзге күнкөрісі жоқ жазықсыз жұрт онысынан айырылса, қалай қамсыз отырсын?! Азаматтары амалсыздан атқа қонған осынау тегеурінді қарсылық ел аузында «Қамбар көтерілісі» деген атпен де айтылып, бүгінгі күнге жетті. Дегенмен, жұртын сақтау үшін жан алысып, жан беріскен сол алапат айқас болған тұсқа ескерткіш белгі орнатудың өте орынды екені айтпаса да түсінікті. Бұл бір жағынан тарихи тағылымы зор іс болса, екінші жағынан кеңестік озбыр саясаттың қандай болғанын ұрпақ ұмытпас үшін керек», дейді осы өңірдің тумасы, ақын Сәтжан Кәріпбаев.
Расында көптен бері айтылып жүрген бұл бабалар алдындағы перзенттік борышты орындаудың орайы енді келген тәрізді. «Қамбар баба» қорының ұйымдастыруымен және ел азаматтарының ат салысуымен Ақсай биігінің лайықталған жерінде көтеріліс құрбандарына арнайы жасалған ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылуына орай Семей, Абыралы өңірінен бөлек Қарқаралы (Қарағанды облысы), Екібастұз (Павлодар облысы) Созақ (Түркістан облысы) аудандарындағы аталас ұрпақтары бір кісідей жиналды. Түркістаннан келген Сатулла қажы Ақсай құрбандарының рухына бағыштап, құран оқып, тағзым жасады.
Ескерткіш лентасын қию рәсімін «Қамбар баба» қорының басшысы Жандос Қасымжанұлы орындап, жиылған қауымға шынайы тебіренісін жеткізді. Алғашқы лекте сөз алған осы қордың белсенді мүшесі, Абай облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай бұл істің «Туған жерге тағзым» бастамасымен жүзеге асқанын жеткізді.
«Қазақ «өткенді еске алмай, болашаққа болжам жасай алмайсың» деп бекер айтпаған. Бүгінгі айтулы іс-шара бүгінгі ұрпақ үшін тарихи күн деуге болады. Біз үшін атқа қонып, жанын құрбан еткен бабаларымыздың ерлігін әрдайым ұлықтауға тиіспіз. Кеңестік империяның кереғар саясатының, әпербақан ұраншылдығының кесірінен алдындағы малынан айырылып, аштық қаупі төнген соң, бас көтермесе болмайтынын ұғынып, атқа қонуына тура келді. Оның қалай болғандығын түпкілікті анықтау ниетімен осыдан біраз жылдар бұрын тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Талас Омарбековтің зерттеуін сұраған едік. «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының шақыруымен Қайнар ауылына арнайы келіп, 1931 жылғы Абыралы көтерілісіне қатысты баяндама жасады. Қайнардағы «Абыралы көтерілісі» мемориалдық тақтасының ашылуында жасаған сол баяндама 45 минутқа созылса да тыңдаған жұрттың дені көздеріне жас алып, тебіреніп тұрғанына куә болдық. Бұл әрине, ақтаңдаққа толы тарихымыздағы зобалаң жылдардың бір дәлелі екені сөзсіз. Ал өздеріңіз көріп тұрған осынау ескерткіш сол бір нәубетті күндерде тәуекелге барған Ақсай көтерілісінің құрбандарына деген перзенттік парызымыз болып саналады. Тек енді ел іргесінің тыныштығы мен береке, бірлігінің сақталуына тілектеспіз», деді М. Құрманбай.
Бұдан кейін сөз алған Құдайберген Советханұлы, Мақсан ақсақал, Азамат Амантайұлы, Тілеуғазы Хасенұлы, Мақсат Советханұлы тағы да басқа ел азаматтары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында С. Кәріпбаев «Ақсай шері» толғанысын оқып, сол бір жылаған жылдардағы бабалар ерлігін жырмен суреттеп жеткізді.
Айтулы оқиға соңында Қайнар ауылындағы мешіт хатымханасында арнайы ас беріліп, 1931 жылғы құрбандарының рухына құран бағышталып, ас берілді.
Ақсай биігіндегі ескерткіш – әділетсіздікке қарсы бас көтерген Абыралы азаматтарының ерлігіне қойылған мәңгілік белгі. Бүгінде бұл орын Абай облысындағы киелі мекендердің біріне айналуға тиіс. Өйткені, ол – жауыздық пен зорлыққа қарсы көрсетілген қайсар рухтың символы екені даусыз.
Абай облысы
Абыралы