Спорт • Бүгін, 09:45

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

14 шілдеде Алматыда үстел теннисінен 2026 жылы Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдамалар таратылатын Орталық Азияның аймақтық іріктеу турнирі басталады. Жерлестеріміз жауапты жарыс қарсаңында соңғы дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Еліміз құрамасының бас бапкері Елмира Әлиева БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Құрама мүшелері алдағы доданың маңыздылығы мен жауапкершілігін толықтай түсініп отыр. Осы іріктеуде біз барынша табысты өнер көрсетіп, әлем чемпионатына жолдама алуға ниеттіміз», деп мәлімдеді.

Жарыс күнделігі

Аралас жекпе-жектен «The Ultimate Fighter» (TUF) реалити-шоуына қатысып жатқан Әліби Ыдырыстың (11-0) таяуда өзбекстандық Фуркатбек Екубовты (15-4) ұтқаны мәлім. Енді ол жартылай финалда Рой­берт Эчеверриа­мен (10-2) күш сынасады. 29 жастағы Венесуэла­ның оғланы тұсаукесер кездесуінде ОАР спортшысы Тумело Маньямалыны (6-1) «қылқындыру» тәсілімен ұтты. Осы кездесуде жеңіске жеткен файтер финалға жолдама ала­ды. Жарыс жеңімпазы әлемдегі ең белді промоушен – UFC-де өнер көрсету құқығына ие болады.

16 шілдеде Германияда алауы тұтанатын ХХХІІ жазғы Дүниежүзілік универсиадада еліміздің таеквондошылары қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Ел намысын Әзірет Дүйсенбек, Темірлан Тілеулес, Самирхон Әбубәкіров, Дамир Шүленов, Мақсат Орынбасар, Батырхан Төлеуғали, Бейбарыс Қаблан, Нодира Ахмедова, Айдана Сүндетбай, Мария Севостьянова, Айша Әділбекқызы, Нұрай Құсайынова, Назым Махмұдова қорғайды.  

Футболдан Еуролиганың іріктеу сайыстары басталды. УЕФА-ның Еуропа лигасында бақ сынап жатқан «Ақтөбе» тұсаукесер кездесуін Варшавада жергілікті «Легияға» қарсы өткізді. Бәсекенің тағдырын 25 минутта Ваган Бичахчян соққан жалғыз доп шешті. 17 шілдеде Ақтөбеде ұйымдастырылатын матчта жерлестерімізге енді тек жеңіс қажет.

«Ордабасы» Грузияға сапар шегіп, Кутаисидің «Торпедосымен» күш сынасты. Ұзақ уақыт бойы таразы басы теңселіп тұрған ойында жеті гол соғылды. Қорытынды есепте 4:3 есебімен алаң иелері жеңіске жетті. Голдардың авторлары – Бьорн Йонсен, 30 (1:0), Михай Кэпэцынэ, 32 (1:1), Лука Имнадзе, 35 (1:2), Матей Шимич, 45+2 (2:2), Сағадат Тұрсынбай, 69 (2:3), Бьорн Йонсен, 79 (3:3) Матей Шимич, 90+4 (4:3). Қарымта матч 17 шілдеде Шымкентте өтеді.

Жартылай ауыр салмақта күш сынасатын еліміздің танымал боксшысы Бек Нұрмағанбет (14-0, 12 КО) кәсіпқой рингтегі келесі кездесуін бүгін Мексиканың Куликан қаласында өткізеді. Ол жергілікті былғары қолғап шебері Хавьер Каррера Тинахеромен (15-13, 12 КО) айқасады.

Теннисші Зарина Диас Португалияның Сейшал қаласында өтіп жатқан ITF W50 турнирінің ширек финалына шықты. Екінші айналымда ол жапониялық Мей Ямагучиді 4:6, 6:3, 6:1 есебімен жеңді. Енді Зарина чехиялық Габриэла Кнутсонмен шеберлік байқасады. Ал Нидерландтың Гаага қаласында Жібек Құламбаева сәтсіз ойнады. Қандасымыз екінші кезеңде франциялық Дженни Лимге жол берді. Есеп – 6:1, 3:6, 6:3.