
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Машақат
Ендігі сауал біреу: сұр импорт па, ресми дилер ме? Сырттай қарасаңыз, Қытайдан көлік алдыру – өте тиімді ұсыныс. Жұрт BYD, Haval, Geely сияқты брендтерді арзан бағамен алып жатады. Көз қызығады. Бірақ мұнда басқа да мәселелер бар. Темір тұлпардың зауыттан шыққанынан бастап, еліміздегі тіркеуге дейінгі жолы ұзақ. Тәуекелі де біршама. Осы үдерісті бүге-шігесіне дейін білетін «Cars Market» арнасының жүргізушісі, авто сарапшы Николай Татаренко пайдалы ақпарат айтты.
– Адамдарда қате түсінік бар. Қытайда автосалоннан жаңа көлікті алып, бірден Қазақстанға айдап келуге болады деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Жаңа көлік алдымен экспорт компаниясының атына тіркеліп, қағаз жүзінде «екінші нарықтағы» көлікке айналады. Сонда ғана сыртқа шығаруға рұқсат беріледі. Ал бұл – алғашқы «бюрократиялық айналма жолдың» басы», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қытайда көлікті «өздігінен жүру» тәсілімен жеткізу – ең кең таралған әдіс. Жүргізуші көлікті айдап әкеліп, арнайы брокерлер мен декларанттар шекарада күтіп тұрады. Бірақ бұл жерде де абай болу керек. «Брокеріңіз кім? Қай жерде тіркелген? Құжатын көрсете ме?» осы сұрақтардан бастау керек. Көлік «Қорғас» шекара бекетінен өткеннен кейін бірден зертханаға түсуі тиіс. Аңғармай қалғандар көлікті уақытша сақтау қоймасына жібереді. Ол кезде, кешіріңіз, әбден шаршайсыз. Өйткені көлік зертханаға бармайынша, қауіпсіздік сертификаты берілмейді. Ол жоқ болса, кеден де жоқ», – деп түсіндірді Николай.
Сарапшының сөзінше, кеден бағасы да өз алдына шытырман. Мысалы, көлікті 30 мың долларға сатып алсаңыз, кеден оны 50 мың доллар деп бағалап, соған сәйкес ҚҚС есептеп жіберуі мүмкін.
«Кеденнің 6 түрлі бағалау әдісі бар. Тек біреуі ғана нақты сатып алу шотына сүйенеді. Қалғаны – «база бойынша», «аналог бойынша», «сараптама негізінде» деген сылтаулар. Кеден қызметкерлерінің қолында осындай үлкен құрал бар. Сол үшін көліктің өз бағасына сенудің өзі қазір нағыз тәуекел. Соңғы саты – электронды техпаспорт алу. Бұл құжатсыз тіркеу жүрмейді. Ал оны алу тағы бір «лотерея». Кейде бір аптада келеді, кейде екі ай күтесіз. Неліктен екенін ешкім түсіндірмейді. Бұл жерде де «айналмалы есіктер көп», дейді маман.
Автоайла
Қазақстанға Қытайдан әкелінетін көліктердің арасында ерекше бір санат қалыптасып үлгерді. Бұрын пайдаланылған көлік, бірақ тіпті әлі жүріп те үлгермеген. Яғни құжат жүзінде «қолданыста болған», ал іс жүзінде зауыттан енді шыққан жаңа темір тұлпар. Бұл парадокс Қытай автонарығындағы жүйелік айла-шарғымен тікелей байланысты екен. Қытайлық «CarNewsChina» басылымының мәліметінше, кейінгі жылдары ҚХР-да 0-50 км аралығында жол жүрген көліктер «екінші нарықтағы» техника ретінде сатылымға жаппай түсіп жатыр. Осы автоайланың айнасын отандық автосарапшы Эдуард Эдоков айшықтап берді.
«Кейбір көліктер Қытайда жай ғана қағаз жүзінде тіркеліп, дилер атына өтеді де, бірден шетелге жөнелтіледі. «Жаңа көлік, бірақ жүрілген» деп көрсетіледі. Мен өзім BYD электромобилін Қытайдан сатып алдым. Ол толықтай зауытта жасалып, мен таңдаған опциялармен жинақталды. Бірақ құжатта 4 шақырым жүріп қойған көлік деп тіркелді», дейді сарапшы.
Сонда автозауыттар неге мұндай әдіске барады? Айтуынша, мұның бәрі жасанды түрде сату көрсеткішін арттырып, мемлекеттік субсидия алуға бағытталған схема. Қытайдың Сауда министрлігінің тексеруінше, автозауыттар өз дилерлеріне көлікті сатылған деп тіркеуді талап етеді. Осыдан кейін олар бұл көліктерді арнайы онлайн алаңдарда (DoCar, Xianyu) «екінші нарық» техникасы ретінде төмен бағада ұсынады. Мысалы, 2023 жылы шыққан Zeekr, BYD, Lixiang көліктері Kolesa.kz сайтында 100-150 км ғана жүрген күйі тұр. Бағасы жаңа көліктерге қарағанда 20-30%-ға арзан.
Корея көлігі қанша тұрады?
Енді Кореядан көлік алдыртудың астарына үңілейік. Автоимпортпен айналысатын мамандардың айтуынша, ең алдымен тапсырыс беруші Кореядағы қолжетімді марка мен модельді таңдауы керек. Әрине, Hyundai Santa Fe, Palisade, Kia Sorento сынды SUV-тар мен неміс брендтері – BMW, Mercedes-Benz, Audi сияқты премиум-класстар өте танымал. Таңдау жасалған соң, авто жасырын зақымдары бар-жоғы, сақтандыру тарихы мен техникалық құжаттары бойынша мұқият тексеріледі. Келесі қадам – заңды келісімшарт. Тапсырыс беруші Кореядағы экспорттаушы компаниямен тікелей шартқа отырады. Төлем доллармен жасалады, ақша банктік жолмен жіберіледі. Орта есеппен бұл үдеріс бір аптаға жуық уақыт алады.
Сатып алынған көлік Кореядан контейнермен жөнелтіледі. Алдымен теңізбен Қытай портына жеткізіліп, одан әрі теміржол арқылы бізге келеді. Барлық көлікке GPS-трекер орнатылады. Қазақстанға келген соң көлік толық кедендік рәсімдеуден өтіп, утиль алым мен бастапқы тіркеу төленеді. Одан кейін ғана нөмір алуға мүмкіндік болады. Бұл – көлікке құмартқандардың бәрінің білетін жүйесі.
Ал шығын ше? «DI AUTO» мен «West Motors» компанияларының мәліметінше, бір көліктің жеткізілу қызметі орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Ал тасымалдың өзі 2,5 мың доллардың (1,3 млн теңге) шамасында. Көлік көлеміне, маркасына, маршруттың күрделілігіне қарай баға да өзгереді.
«Утиль алым да оңай шаруа емес. Мотор көлеміне қарай мөлшерлеме өсіп отырады. Мәселен, көлемі 3 литрге дейін болса 983 мың теңге, 2 литрге дейінгі көліктерге 688 мың теңге шамасында шығын кетеді. Ең тиімдісі – 1 литрге дейінгі шағын моторлы машиналар, оларға алым 295 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар бастапқы тіркеуге шыққан жылына байланысты қосымша салық алынады: егер көлік 3 жылдан асқан болса – 500 АЕК, яғни 1,97 млн теңге төлеу керек. Осының бәрін ескергенде, Кореядан әкелінген көліктің соңғы құны бастапқы бағадан 20-40%-ға дейін артып кетуі мүмкін», дейді компания сарапшылары.
Байқағанымыздай, көптеген тұтынушы шетелдеОтандық дилерлер пікірін арзан көлік іздеп, ақыр соңында отандық дилерден артығын таппай қалады. Жоғарыда сұр импорттың көпшілік үңіле бермейтін тұсына назар салып көрдік. Ал енді «Ресми дилерлер не ұсынып жатыр?» деген сұрақ туады. Соны бағамдау мақсатында Астанадағы «Allur» компаниясының авто орталығына бардық. Компания ұсынған 4%-дық бағдарлама бүгінде барлық брендтерге қатысты. Оның ішінде Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Skoda және Hongqi маркалары бар.
– Біздегі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы – тек пайыздық мөлшерлеме емес. Мұнда әр клиенттің жеке мүмкіндігі есепке алынады. Қазір, әсіресе 50/50 схемасы кең таралған. Клиент жарты ақшасын төлеп, қалғанын жыл соңына дейін еш артық төлемсіз жаба алады, – дейді даму бөлімінің жетекшісі Ырысты Асенова.
Жылдық 4% елдегі инфляция аясында тиімді көрінгенімен, бастапқы жарнаның 50% болуы бәріне бірдей ыңғайлы емес. Дегенмен орта тап өкілдері мен отбасылы азаматтар үшін бұл бағдарлама нарықтағы бірегей ұсыныс саналады. «Allur» деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Chevrolet Cobalt пен Kia Sportage үздік үштіктен түспеген. Жеңіл көлік алғысы келгендерге Cobalt үнемді әрі сервистік шығыны аз көлік ретінде танылса, кроссовер іздегендер Sportage-ді таңдайды.
– Халық бұрынғыдай атақты маркаға емес, сенімділік пен қолжетімді бағаға қарайды. Сол себепті, Jetour маркасына сұраныс кейінгі айларда күрт артты. Мәселен, сәуірде бұл брендтің көліктерін 1 368 адам сатып алды. Ал Kia мен Chevrolet бұрыннан бері сервис жағынан да, қосалқы бөлшектермен қамту жағынан да бәсекелестерінен озық тұр, – дейді Ырысты.
Trade-in тиімді ме?
Trade-in бағдарламасы әзірге Алматы мен Астанада ғана іске қосылған. Жүйе – көне көлігіңді бағалап, соның үстінен жаңасына айырбастауға мүмкіндік береді. Бірақ клиенттердің белсенділігі әлі орташа деңгейде.
– Trade-in жүйесі негізінен қала тұрғындарына ыңғайлы. Ауыл-аймақтан келіп тапсыру қиындау. Дегенмен болашағы бар формат. Клиенттердің қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Trade-in – қазақ тұтынушысы енді ғана үйренісіп жатқан жүйе. Психологиялық тұрғыдан өз көлігіңді бағалатып, оның «шынайы» құнын қабылдау да оңай емес. Бірақ нарыққа көз жүгіртсек, екі көлік иеленіп отырғандар саны артқан, демек, Trade-in-ге де сұраныс артуы – уақыттың еншісінде, – деп ұғындырды компания өкілі.
Айтпақшы, «Allur» көліктерді шетелден әкелмейді. Қостанайдағы зауытта өндіреді. Мұның артықшылықтары да көп. Біріншіден, тасымал мен логистика шығыны аз. Екіншіден, CKD және DKD форматында құрастырылатын көліктер толық циклдан өтеді – дәнекерлеуден бастап бояу мен тест-драйвқа дейін.
– Қазір зауыт толық қуатымен жұмыс істеп жатыр. 356 мың шаршы метр аумақтағы өндірісте жылына мыңдаған көлік құрастырылады. Ендігі мақсат – локализацияны тереңдету. Яғни шетелден бөлшек әкелмей, Қазақстанда жасап шығару. 2026 жылға дейін Қостанайда автокомпонент шығаратын екі орталық іске қосылады. Қосымша қоймалар салынып, 120 000 данаға дейін компонент өндірілмек. Зауытта әр көлік 59 бекеттен өтеді. Әр бөлшек жеке-жеке тексеріледі. Соңында су камерасы, тежеу жүйесі мен электрондық жабдықтар сынақтан өтеді, – деді Ы.Асенова.