
«Көп адам бұл жазуларды жай граффити деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, олар жастарды Telegram арқылы есірткіге тартатын арналардың сілтемесі екенін біле бермейді. Біз кейінгі бір айда облыс аумағынан 500-ден аса осындай жарнаманы өшірдік. Оның ішінде мектеп маңында орналасқандары да болды», дейді жобаның үйлестірушісі Әділет Айтқазы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде «Saqtan» жобасы аясында жастармен тікелей жұмыс істейтін 50-ге жуық ерікті мен білікті маман тартылған. Олар күн сайын әлеуметтік желілерді бақылап, жасырын есірткі жарнамасын анықтап, жергілікті жастармен түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.
«Біз күніне кемінде 10–15 күмәнді сілтемені анықтаймыз. Көп жағдайда олар Telegram-арналар арқылы таратылып, жастарды қызықтыратын атаулармен бүркемеленеді. Жарнамалар мектеп қабырғасына, аялдамаға немесе жатақхана маңына жазылады. Сол үшін әлеуметтік желіні де, көшені де қатар бақылауға тура келеді», дейді еріктілер тобының үйлестірушісі Арайлым Бекова.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруінің алдын алу мақсатында еріктілер құқық қорғау органдарымен бірге түнгі рейдтерге қатысуды жолға қойған. Бұл шаралар да жобаның маңызды бағыты ретінде жалғасып жатыр.
Жоба аясында Қарасай, Талғар, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында 7 семинар өткізіліп, 1 мыңға жуық жас пен ата-ана қамтылды. Кездесулерде есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізіп жүрген полицейлер, психиатр-наркологтер, депутаттар, спорт чемпиондары мен есірткіге тәуелділіктен арылған азаматтар қисық жолға түсудің қиындығын мысалға келтіріп, зиянды әдеттердің алдын алу жолдарын түсіндіріп, жастармен ашық пікір алмасты.
Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлық, суицид, вейпинг және құмар ойындар сынды зиянды әдеттердің таралуына қарсы тұру және олардың алдын алу.
Алматы облысы