Суицид • Бүгін, 09:20

Өз-өзіне қол жұмсау: құқықтық баға

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемнің қырық елінде өз-өзіне қол жұмсау қылмыс болып саналады. Ал суицидпен күрес мамандары мұны заңдастыру орынсыз деген пікірде. Өйткені мұндай әрекетке баратын адамдарды жазалау емес, қолдау қажет дейді.

Өз-өзіне қол жұмсау: құқықтық баға

Өкінішке қарай, қазір дүниежүзінде суицид көрсеткіші безгек, ВИЧ/АИТВ, обыр секілді қатерлі дерттен, қақтығыс пен адам қолынан қаза табу оқиға­ларынан асып түсіп отыр. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының деректеріне сәйкес, жыл сайын 720 мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болады. Әсіресе 15–29 жас аралығындағы әр үшінші адам­ның өлімі суицидпен байла­нысты. ДСҰ өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің 73 пайызы табы­сы төмен және орташа елдерде орын алатынын айтады. Оның себеп­тері көп, әлеуметтік, био­ло­гия­лық, психологиялық және эко­ло­гиялық факторлар әсер етеді.

Осыған байланысты «LifeLine International» компаниясының сая­сат жөніндегі директоры, доктор Алан Вудворд суицидті қылмыс ретінде қараудан бас тарту қажет деген пікірде.

«Өз-өзіне қол жұмсайтын адамның шын мәнінде өлуге ниеті жоқ. Мұндай әрекетке баратындарды зерттей келе, біз өзін-өзі өлтіруге бейім адам амалы жоқ тұзаққа түсіп қал­ғандай сезімде болатынын анықтадық. Олар өмір сүргісі келеді, бірақ өздерін азаптан құтыла алмайтындай сезінеді, сөйтіп өлсем ғана құтылатын деген оймен өз өмірін қияды. Бұл адамның алдын ала ойластырған әрекеті, таңдауы деген пікірлер дұрыс емес», деді ол «Lifeline International» суицидпен күрес ұйымының ресми сайтында жа­риялаған мақаласында.

А.Вудвордтың пікірінше, егер мемлекет өз-өзіне қол жұмсайтын адамның әрекетін біліп, заңмен жазаласа, онда жалпы адамдар өзге­лерден қолдау немесе көмек сұрауға құлықсыз болып қалады. Ал қандай да бір қиын кезең­дер қолдау таппағандар сөзсіз суи­цид жасайды.

Ал қазір көптеген ел өз-өзі­не қол жұмсауға қарсы заңдар нә­тиже бермейтінін мойындап, суицидті «қылмыстан» алып тас­тады. Мәселен, кейін­гі бір­неше жылда Үндістан, Сингапур, Пәкістан, Малайзия және Гана Ир­ландияның мысалын басшылыққа ала отырып, заңдарын өзгертті.

Ирландия 1993 жылы өз-өзіне қол жұмсауды қылмыс­тан шығарды. Суицид Әділет депар­таментінен денсаулық сақ­тау департаментінің мәселесіне ауыс­ты. Осылайша, қазір денсаулық мәселесі ретінде қарастырыла­тын суицидті алдын алу поли­цияны емес, медициналық және әлеу­мет­­тік қызметтерді талап етеді. 2000 жылы Ирландия суи­цидо­ло­гия қауымдастығы да құ­рыл­ды. Адамдар өз-өзіне қол жұм­­сау әрекеттері туралы көбі­рек білді. Нәти­же­сінде, қауіпті фарма­цев­тикалық пре­параттарға бақы­лауды күшейту сияқты өлімге әкелетін құралдарға шектеулер енгізілді. Ең бастысы, суицидтен аман қалғандарға, әрекет жасағандарға және өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың отбасылары мен жақындары, достарына мемлекет қолдау көрсетті.

«Өз-өзіне қол жұмсау салдарынан зардап шеккен ирлан­диялық отбасылар мен жа­қындары қайғы-қасіретті бастан өткеріп жатқан кезеңде қамқорлық пен қолдау тапты. Бұл – суицид қылмыс болып табылмайтын әлемнің өте маңызды бөлігі. Біз суицид­ке ұшыраған адамдардың жақындарына қолдау білдіріп, жанашырлықпен түсіністік таныта алатын қоғам құруымыз керек», дейді доктор А.Вудворд.

Сондай-ақ Біріккен Ғалам­дық психикалық денсаулық ұйымының негізін қалаушы Сара Клайн әлемде өзін-өзі өлті­ру қылмыс болып саналатын ел­дердің әлі күнге дейін көп еке­ніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай әре­кет­ке мыңдаған фунт стерлинг айып­пұл, үш жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы қарас­тырылған.

«Көптеген елде ба­ла­­лар өз-өзіне қол жұмсауға әре­кет­тен­гені үшін жауапқа тар­ты­луы мүм­кін, ал Нигерияда жеті жастан асқан балалар қа­мау­ға алынып, сотқа тартылуы мүмкін. 20 елде суицидті шари­ғат бойынша жазалайды. Шын мә­нінде өзін-өзі өлтіруді кримина­лизациялау кері нәтиже береді, ол адам­дарға өз өмірлерін қию­ға ке­дергі жасамайды», деді С.Клайн «The Guardian»-ға берген сұхбатында.

Ал қорғаушы Шаймерден Байтуғановтың айтуынша, елі­міздегі заңнама тұрғысынан суи­цид қылмыстық құқық бұзу­шылыққа жатпайды.

«Адамның өз өмірін қиюға әрекет жасауы немесе осындай әрекетті жүзеге асыруы үшін қыл­мыстық жауапкершілік көз­делмеген. Бұл – адамның өз өмі­рі­не иелік ету құқығын, яғни өмір сүру ұзақтығын өзі анық­тау­ға құқығы бар деген гу­ма­нис­­тік қағидаға негізделген ұста­ным. Алайда кейбір жағдай­лар­да басқа адамдардың әрекет­тері­ үшін қылмыстық жауап­кер­шілік туындауы мүмкін. Бұл Қыл­мыстық кодекстің 105-бабын­да көрсетілген «Өз-өзіне қол жұм­са­уға дейін жеткізу» бабы аясында қарастырылады. Яғни егер бір адам басқа біреуге қатысты қор­қыту, қатігездік, жүйелі түр­де қорлау, ар-намысына тию, пси­хо­логиялық немесе физикалық қы­сым көрсету арқылы оның өзіне қол жұмсауына себепкер бол­са, бұл тұлға қылмыстық жауап­кершілікке тартылуы мүмкін», дейді Ш.Байтуғанов.

Қорғаушының айтуын­ша, мұнда басты назар себеп-сал­дарлық байланысты дәлел­деуге аударылады, яғни дәл сол адамның әрекеттері мен жәбірленушінің суи­цидке баруы арасында нақты байланыс болуы керек. Жай ғана жанжал, келіспеушілік немесе ауыр сөз­дер жеткіліксіз, заң бо­йынша қыл­мыстық жауапкершілік тек жүйе­лі, деструктивті әсердің нәти­жесінде ғана туындайды. Заң­герлік тұрғыдан алғанда, бұл мәселеде жеке адамның еркін таңдау құқығы мен оның өміріне сыртқы әсерден қорғау балансы сақталуы қажет.