Ғылым • Бүгін, 09:15

Жерасты су қоры – байлық көзі

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізіп, ел өңірлері бойынша жерасты суларының мол қорын анықтады. Ғалымдар әзірлеген Қазақстанның гидрогеологиялық карталарының атласында көрсетілген жер қойнауындағы су қорын күнделікті тұрмыс пен ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға болады.

Жерасты су қоры – байлық көзі

Институт ғалымдарының осы­­дан бес жыл бұрын бас­та­ған жұмысының нәтижесі салалық органдар мен гидрогеология мамандарына және жоғары оқу орын­дары студенттеріне қолжетімді. 1:2 500 000 масштабында еліміздің гид­ро­гео­логиялық картасының атласын ға­лымдар қазақ және орыс тілдерінде ал­ғаш жариялап, арнайы мекемелерге берген.

«Атлас – институт ғалымдарының гидрология және геоэкология саласын­дағы ғылыми мектебінің көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Заманауи еңбек Орталық Азия аймағындағы аридті гид­ро­геологияны дамытуға негіз болады. Елімізде жерасты сулары ре­сурсының 25 пайызы кен орны ретінде зерттелген болса, 75 пайызы әлі де зерттеліп жатыр. Ел аумағында жер­асты сулары ресурстарының біркелкі бөлінбеуі құрылымдық-геологиялық, гидрогеологиялық және климаттық жағдайлардың ерекшеліктерімен алдын ала анықталып отыр. Жерасты сулары – маңызды пайдалы қазбалардың бірі. Су қауіпсіздігінің стратегиялық ресурсы. Қазіргі таңда жерасты суларының көптеген қоры негізінен оңтүстік және шығыс өңірде шоғырланған. Бүгінде Батыс Қазақстан, яғни Атырау, Маңғыстау, сонымен қатар Қостанай, Көкшетау, Ақмола облыстары суы тапшы әрі сапасы төмен өңірлерге жатады. Аталған өңірлерде су тапшылығының белең алуы қандай да бір әкімшілік, қаржылық себеп-салдарға қатысты емес. Судың тапшылығы әрі сапасы аталған өңірлердегі табиғи ерекшеліктерге байланысты. Солтүстік Қазақстан таулы-тасты жыныстардан құралған болып келетіндіктен, мұнда су мөлшері көп шоғырланбайды. Батыс өңірлерде су көп, бірақ сапасыз әрі өте тереңде», дейді У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және Геоэкология институты инновациялық жобаларды және бағдарламаларды іске асыру жөніндегі инновациялық кеңестің жауапты хатшысы Данияр Сапарғалиев.

Гидрогеологиялық карталар атласы 28 арнайы картадан, 12 карта-схемадан, 47 гидрогеологиялық кесіндіден және жерасты сулары бассейні бойынша 33 гидрогеологиялық жиынтық бағаннан тұрады. Атласта табиғи және болжамды ресурстар, жерасты суларын пайдалану қорлары, аумақты тұщы, минералды және термиялық жерасты суларымен қамтамасыз ету шарттары көрініс тапқан. Жерасты гидросферасына техногенез үдерістерінің әсері, экологиялық жағдайы да қарас­тырылған.

Атласты әзірлеу барысында ғалым­дар еліміздегі 4 мыңнан астам кен орны мен жерасты учаскесінің мағлұматын ескерді. Бұл аумақтың жиынтық қоры тәулігіне 44 млн текше метрді құрайды. Оның ішінде 45,6 пайызы, яғни 20 млн текше метр ауыл шаруашылығында қолдануға және ішуге жарамды болса, 48,12 пайызы немесе 21 млн текше метр егістіктерді суаруға арналған. 6,13 пайызы – 2,7 млн текше метр – өндірістік-техникалық сумен қамтуға, 0,15 пайызын 0,06 млн текше метрін бальнеологиялық мақсатқа пайдалануға болады. Атласқа сәйкес еліміз аумағындағы жерасты суларының болжалды ресурсы – тәу­лігіне 176 млн текше метр. Оның 63 пайызы немесе тәулігіне 111 млн текше метрі тұщы су, ол жылына 40 текше шақырымды құрайды.

Атласта пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін су көлемі болжамды ресурстың 25 пайызынан аспайды. Жерүсті сулары сияқты жерасты сулары да ел аумағында біркелкі таралмайды. Тұщы жерасты суларының ең үлкен ресурсы (60 пайыз) оңтүстік өңірлерде: Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысында шоғырланған. Ал тұщы су шектеулі өңірлерге Атырау, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облысы кіреді.

1

«Қазіргі кезде әлемде су тапшылығы белең алып барады. Әсіресе тұщы, ауыз судың тапшылығы дүниежүзін алаңдатқан түйткілді мәселеге айналып отыр. Қазақстан да су тапшылығы байқалып отырған елдер қатарында. Бірақ жерасты суларын зерттей келе, елімізде су қорларының жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Яғни өңірлердегі ауызсу тапшылығын жерасты сула­рының есебінен шешуге болады. Ол үшін Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс Қазақстан сияқты суы мол өңірлерден су құбырлары арқылы батыс, орталық, солтүстіктің тапшы аумақтарына тасымалдау қажет. Бүгінде Астана да суы тапшы өңірге айналды. Кейінгі үш-төрт жылда тұрғындар жер беті суын тазалап қолданып, су тапшылығы қатты сезіле бастады. Қазіргі таңда ғалымдар тобы Павлодардан сапалы қорғалған, 500–800 метр тереңдікте жатқан жерасты суларын, сонымен қатар Маңғыстау, Атырау облыстары үшін Ақтөбе облысының кен орындарын қолдануға болатынын айтты. Бүгінде елімізде судың 70 пайызы ауыл шаруашылығында пайдаланылып келеді. Мұнымен қоса әлемде суды тиімді пайдаланып отырған Еуропаның дамыған елдеріндегідей, Жапония, Израильдің суды үнемдеу, қайта пайдалану тәжірибесіне де назар аудару маңызды. Бұл бағытқа шаруашылықтар енді-енді ғана көңіл бөле бастады. Елдегі су тапшылығы ауыл шаруашылығында суды үнемдеп, мақсатты қолданудың қажеттігін көрсетеді. Жаңа технологиялар дамыған кезеңде суды көп тұтынатын егіс өнімдерін алмастырып, ескірген су құбырлары жүйесін жаңарту қажет. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлерде жерасты суларын тиімді пайдаланудың ретін қарастырған жөн. Сонымен қатар термалды сулардың «жасыл» экономиканы дамытуда маңызы жоғары. Бірқатар шетелде термалды сулардан электр энергиясы алынады. Қысы-жазы жылыжайларда қолданылады. Сол сияқты бізде де Жаркент, Сарыағаш аумағында термалды суларды тиімді пайдалануға болса, Маңғыстау облысында ащы болып келетін мұндай суларды жылыту жүйелерінде қолдана аламыз. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облысының оңтүстік жағы, Қарағанды маңында, Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында өте үлкен көлемде суармалы жерлер бар. Бұл аумақтағы жерасты су кен орындары суару үшін барланған. Десек те, еліміздегі суару су кен орындарының 95 пайызы тиімді қолданылмай отыр. Жерасты суы салқын келетіндіктен, бұрғылау, энергия көзiн ұңғымаларға жеткізу қаржыны талап етеді. Сондықтан олар аз қолданылуы мүмкін. Таяу болашақта жерасты суларын суармалы жерлердің көлемін арттыруда қолдану өнімділікті көбейтуге қолайлы болмақ», дейді ғалым.

Гидрогеология, геология және гидрогеохимияның заманауи әдістері мен әдістемесін, геоақпараттық жүйе­лердің мүмкіндіктерін кеңінен қол­данудың маңызына тоқталған Данияр Серікұлы Атласта көрініс берген зерт­теу нәтижелерінің әлеуметтік-эконо­микалық тиімділігін атап өтті.

Оның айтуынша, жерасты суларын тиімді пайдалану, сапасы және тереңдігі туралы нақты ақпаратпен, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және халықты сумен қамтамасыз ету, су қа­был­дағыштарды оңтайландыру, сулы қабат­тардың сарқылуын болдырмау, қоршаған ортаны қорғау арқылы жер­асты суларының ластануының алдын алу, осал өңірлерді бөліп қарас­тыру, өңірдің су экожүйесін қорғау мәсе­лесінде өте маңызды.

Құрылысты және инфрақұры­­лым­дық жобаларды іске асыруда, яғни жолдар, ғимараттар, өнеркәсіп нысандарын салу кезінде жерасты сулары туралы бастапқы деректермен танысу инженерлік-геологиялық тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді (су басу). Ғылыми-зерттеу базасына көңіл бөле отырып, өңірдің гидрогеологиялық, геоло­гиялық және экологиялық зерт­теу­леріне жәрдемдесу, климаттың өзгеруі және антропогендік жүктеме жағ­дайында жер­асты суларының өзгеру болжамдарын әзірлеуде институт ғалымдары әзірлеген Атлас негізгі көмекші бағдар бола алады.

Мемлекеттік басқару деңгейінде шешімдер қабылдауда, өңірді дамыту стратегияларын әзірлеуде, сумен жабдықтауда, мелиорация және табиғат қорғау қызметі саласын жоспарлауда тиімділігі жоғары бұл құжат инвестиция тарту үшін суға тәуелді салаларға (мұнай, энергетика, агробизнес) инвес­торларға ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді. Болжам жасауға, ресми, ғылыми негізделген картографиялық ақпаратпен қамта­масыз етуге, білім саласында, ма­мандарды даярлауда, жергілікті тұр­ғындар және өзін-өзі басқару орган­дарына су ресурстары туралы мол мағ­лұматпен толықтырылған.

 

АЛМАТЫ