
Фото: baq.kz
Түсу емтиханына қатысуға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайтында жүргізіледі. Докторантураға түсу үшін бір жоғары оқу орны мен білім бағдарламаларының бір тобын ғана таңдауға болатынын ескерген жөн.
Егер талапкер берілген өтінішке (тестілеуді тапсыру қаласы, білім бағдарламаларының тобы, тестілеуді тапсыру тілі) өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, оған өтініштерді қабылдау жүйесі жабылғанға дейін (3 тамызға дейін) өтінішті өңдеу немесе жою мүмкіндігі беріледі. Тестілеуді өткізу орны мен уақыты туралы ақпарат үміткердің жеке кабинетінде 9 тамызда қолжетімді болады.
Түсу емтиханына әңгімелесу, эссе жазу және білім бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары 50 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75-ті құрайды.
Докторантураға түсу үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ұсыну қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар докторантураға түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуді тапсырады.
Атап өтсек, 2024 жылы шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттардың шекті деңгейлері B1-ге дейін төмендетілді және тізімге TOEIC және Duolingo English Test сертификаттары енгізілді.
2024 жылдан бастап үміткерлердің бейінімен докторлар бағдарламасы бойынша докторантураға түсуге мүмкіндіктері бар. Бұл бағдарлама үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді. Сондай-ақ докторлар бағдарламасы бойынша талапкерлер емтихан барысында эссе жазбайды.
Ең жоғары көрсеткіш – 80 балл, оның ішінде әңгімелесуге – 25 балл, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыныс хатына (болған жағдайда) – 5 балл және бейіні бойынша емтихан сұрақтары 50 балды құрайды. Шекті балл – кемінде 50 балл.