
Қарағанды облысы биылғы туристік маусымда 500 мыңға жуық туристі қабылдауға дайын. Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі көрсеткіштер тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында мобильді қосымшалар, QR-гидтер, бағыттаушы, ақпараттық белгілер енгізіліп жатыр. Инфрақұрылым мен қызмет сапасының артуы нәтижесінде өңірге келетін туристер саны жыл сайын 10-15%-ға өсіп келеді. Туризм саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері де 10%-дан астамға артқан.
Фестиваль аясында екі күн бойы инфотур өтті. Оған республикалық, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, танымал тревел-блогерлер мен туроператорлар қатысты. Инфотурдың мұндағы мақсаты – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету, фестивальдің танымалдылығын арттыру. Турға қатысушылар еліміздегі алғашқы «QAZ ELI» онлайн брондау жүйесімен танысты. Бұл платформа қонақүй, пәтер, демалыс орындары, пансионат, экскурсия, көлік қызметтерін онлайн түрде брондауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында қатысушылар «Balkhash Tour Fest» аумағына, Бектауатадағы көркем этноауылға, сондай-ақ Балқаш өңірінің мәдени, табиғи мұрасын танытатын, таныстыратын негізгі туристік нысандарға барды.
«Туризмдегі инновациялар» атты семинарда ішкі туризмді дамыту жолдары, цифрлық шешімдер мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері қаралды. Балқаш қаласының әкімі С.Сатаев жыл сайын елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Балқаш қаласында да кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын баяндады.
– Іс-шара барысында өткен жылы 25 сауда орны жұмыс істесе, биыл олардың саны 90-ға жетті. Бұл – қаладағы іскер азаматтардың белсенділігі мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. «Tоur Fest» аясында жергілікті кәсіпкерлердің 40-тан астам павильоны ашылып, халыққа өнімдерін ұсынды. Бұл – бизнестің туризммен тығыз байланысының нақты мысалы. Қала әкімдігі тарапынан фестиваль өткізуге барынша қолдау көрсетіліп, логистика, қауіпсіздік шаралары, санитарлық талаптар толық қамтамасыз етіліп отыр, – деді шаһар басшысы.
Фестиваль «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы түрлі экологиялық бастамалармен ерекшеленді. Атап өтсек, Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының бастамасымен 60 ерікті Балқаш өңірінде «ROAD-эстафета» өткізді. Олар «Қарағанды-Алматы» автожолының бойын тұрмыстық қалдықтан тазартып, ескерту тақтайшаларын орнатты. Сонымен қатар Бектауата жартасындағы жазуларды өшіріп, табиғи, мәдени мұраға құрмет көрсетудің үлгісін көрсетті. «Екінші өмір» жобасы да ерекше назар аудартты. Арнайы орнатылған алып балық-инсталляцияның ішіне қатысушылар пластик бөтелкелер тастап, қоқысты сұрыптауға қатысты.
Сонымен қатар іс-шара аясында Фуд-корт және қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Балқаштың қолөнершілері өз бұйымдарын таныстырды. Әсіресе Вера Харкевич пен ұлы Тимотенің қиыршық тастан құралған Tic-Tac ойынын көпшілік қызыға ойнады.
Экологиялық кросс-жарыстар (экокросстар) – табиғатты қорғау мен саламатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі. Зумба мен йога жаттығуларына қатысқандардың да қарасы қалың болды. Балалар құмнан сарай тұрғызды. Батпырауық ұшыру сайысы аспандағы түрлі-түсті бейнелермен Балқаштың көгін көркемдеді.
Қонақтар Бектауатаға да барып, атқа міну, сиыр сауу, садақ ату сияқты ауыл тіршілігімен танысты. Сонымен қатар кешкі уақытта ұйымдастырылған ашық аспан астындағы киносеанс пен музыкалық қойылымдар жағалаудағы кештің сәнін келтірді.
Фестивальдің гала-концертінде Назима, Qanay, «Килиманджаро» тобы, «Арай» тобы, Жанболат Ұзақбаев, «Тоқырауын толқындары» ансамблі өнер көрсетті. «Балқаш көлінің аңызы» атты су экранына негізделген мультимедиялық субұрқақ шоу фестивальдің жаңалығы болды.
Су қойылымы музыканы, жарықты, анимацияны біріктіріп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Фестивальде ерекше тағамдар әзірленіп, аспаздар сайысқа түсті. Салмағы 53 кило қазыбургер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл ерекше жобаны Балқаш нан зауыты мен «Бауырдақ» мейрамханасы бірлесіп әзірледі. Ұлттық тағам мен заманауи форматты үйлестірген бұл бургердің құрамына дәстүрлі қазы, арнайы пісірілген алып бургер наны, көкөністер, дәмдеуіштер қосылды. Меймандар ерекше тағамның дәмін татып көрді. Дәмі мен көрінісіне жоғары баға беріп, әлеуметтік желілерде әсерлерімен бөлісті.
Екі күнге созылған туризм тойының соңы Балқаш аспанындағы түрлі-түсті отшашумен аяқталды. Ұйымдастырушылар келесі жылы фестиваль аясын кеңейтіп, бұдан да әсерлі бағдарламалармен таңқалдыруды жоспарлап отыр.
Балқаш қаласына алғаш рет келген Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мұндай бастамалардың еліміздің өңірлерін танымал етуге, жас буынның елге деген қызығушылығын арттыруға қосар үлесін ерекше атап өтті.
– Балқаш қаласына бірінші рет келіп отырмын. «Balkhash Tour Fest» сынды жобалар – еліміздің ішкі туризмін дамытудың нақты мысалы, жастарға туған жердің киесін, сұлулығын таныту, олардың бойында туризм мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Осындай іс-шаралар арқылы өңірлердің әлеуеті артып, ұлттық бірегейлік нығаяды, – деді Д.Мұқаев.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы