Спорт • Бүгін, 07:53

Тағылымды да тартысты турнир

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Қапшағай суқоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елінен 2000-нан астам спортшы қатысып, бес түрлі қашықтық бойынша бақ сынасты.

Тағылымды да тартысты турнир

Елімізде төртінші рет өткізіл­ген турнирге қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл бұқа­ралық спорт пен саламатты өмір салтына деген халықтың ерек­ше ынтасын көр­сетеді. Биыл­ғы жа­рыс­тың бас­ты жаңалығы – ерек­ше қажеттілігі бар 15 бала­ның қа­тысуы болды. Әр ба­л­аға тәжі­ри­белі жүзгіштен ар­найы серік бе­кі­тілді. Солардың бірі – таны­мал заңгер, 2019 жылы Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өт­кен ал­ғашқы ­отандасымыз ­
Ер­­жан Есім­ханов.

«Бүгін мен Тұмар Мұратқызын алып жүрдім. Ол – нағыз қайсар қыз, 500 метрді сәтті жүзіп шықты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы адамдарды біріктірген бұл біріншіліктің бас­ты құндылығы – ашықтығы мен қолжетімділігі», деді Е.Есімханов.

Ересектер арасындағы «Inspiration» санатындағы 2 ша­қы­­­рымдық қашықтықта елі­міз­дің ал­ғаш­қы паралимпиада чем­­пионы, ұлт­­тық құраманың капи­таны Зүл­фия Ғабидуллина жүлдегер атанды.

«Биыл 59 жасқа толдым. Бірақ спорттан кетуді ойлап жүр­ген жоқпын. Қыркүйекте Синга­пур­де өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмын. Жас спорт­шыларға айтарым – еш­қа­шан тоқтамаңдар, алға ұмты­лыңдар. Бапкерлеріңді естен шы­ғармаңдар, олардың еңбегін баға­лаңдар», дейді құрама капитаны.

5 шақырымдық «Half oceanman» жарысының 20–29 жас сана­тында Станислав Редько жеңі­с­ке жетті. Суда жүзу шебері Аста­­нада жаттықтырушы болып қыз­­­мет етеді, бұрынырақта ашық су­да жүзуден ел чемпионы атан­ған.

«Шебер» санатында тәжірибелі спорт­шыларымыз төрт алтын ме­дальдың үшеуін иеленді. Әйел­дер арасында ашық суда жүзу­ден спорт шебері, Орта Азия ойын­дарының күміс жүлдегері, су­асты бағдарлаудан әлем кубогінің қола жүлдегері Ирина Лазарева абсолютті жеңімпаз болып танылды. Алматылық спортшы Қонаев­тағы жарысқа үшінші жыл қатысып отыр. Үш ретте де жеңімпаздар қатарынан көрінді.

10, 5 шақырымдық қашықтықта жерлестеріміз Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева абсолютті чем­пион атанды. 2 шақырым қашық­тықтағы «Sprint» санатында Бірік­кен Араб Әмірліктерінен кел­ген Родриго Малан мен отандасы­мыз Таисия Короткова жеңіске жетті.

«Oceanman» – әлемнің әртүр­лі елінде өтетін бірнеше кезең­­­­­нен тұратын халықаралық жарыс. Мау­сым соңында финалдық жарыс ұйым­дастырылады. Әр кезеңде үздік шыққан 10 ер, 10 әйел спортшы фи­налға жолдама алады. Биыл­ғы финалдық сын желтоқсан айында Дубайда өтеді.

Алматы облысы