Руханият • Бүгін, 08:35

Жеңіс жырауы

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ХХ ғасырда құндылығын жоймаған халық ауыз әдебиетінің ірі өкілі, ақын, жыршы Нұрпейіс Байғаниннің туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Шынында да оның тұлғасы – ұлт әдебиеті тарихындағы ғажап құбылыс. Өмірі де, шығармашылығы да ерекше. Арнайы алған білімі болмаса да, ең бастысы, Ұлы даланың өмірлік, жыршылық, жыраулық өнер мектебінен өткен ол туа біткен талантымен елге танылып, ақын есімін бүкіл кеңес одағы білді.

Жеңіс жырауы

Нұрпейіс Байғанин атақты ақын-жыраулар мен батыр­лар өткен өлкеде, қазіргі Ақтөбе облы­сының Байғанин ауда­нында өмір­ге келген. Ақын­дық өнерді алғаш рет сол өңірге әнші­лік, ақындық, домбырашылық талан­ты­мен белгілі болған өз анасы Үміт­тен үй­ре­неді. Бозбала шағын­да ел аузындағы қисса-дас­тандарды жұртшылық алдында орын­­дап, бала жыршы атанады. Батыс Қазақ­станның Орал, Атырау, Маңғыс­тау өңір­лерінде жыршылық өнерімен танылып,­ Абыл, Нұрым, Шернияз, Қашаған сияқ­ты атақты ақын-жыраулардан үлгі алады, олар­дан батырлық жырларды үйренеді.

Нұрпейіс Байғанин «Қобы­ланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Құбығұл», «Төрехан», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сияқты ха­лық сүйіп тыңдаған батырлық және ғашық­тық жырларды жас кезі­­н­ен жаттап алып, кейбір жыр­лар­­ды бүгінге жеткізген атақты жыр­шы.

«Қобыланды батыр» жырының ел арасында кең тараған отызға жуық нұсқасы болса, Нұрпейіс жырлаған осы эпостың түрі басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқа­лар­дан көлемі үлкен, оқиғалы, маз­мұнды шыққан. Сол себепті Байғанин нұсқасы әлемдегі бірегей басылым ретінде танылған жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясының 36-томына енді.

Нұрпейіс Байғанинді басқа ақын, жыршылардан оқшау­ландырып тұратын өзгеше қасиеті – ол эпостық жырлар мен қисса-дастандарды шебер орындаған жыршы, әрі талантты суырып салма, эпик ақын. Көрнекті ақын, әдебиет зерттеуші Ә.Тәжібаев өзінің «Жылдар, ойлар» атты кітабында Нұрпейіс Байғаниннің дарын ерекшеліктері туралы тамсана жазады. 1943 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен КСРО ҒА Қазақ филиалы қарамағындағы Тіл және әдебиет институты (қазіргі Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты) Нұрпейісті сонау Ақтөбеден арнайы шақырып, Әбділда Тәжібаев үйіне қонақ қылады. Сонда ол сан қырлы талантына таңданады. «Біз әдетте «Қырымның қырық батырын» Мұрын жырау айтты дейміз. Ол рас, бірақ бұл батырларды айтқанда Нұрпейісті де бір кезде ұмытпауымыз керек. Нұрекең өзінің «желісінде» осы батырларды жырлайтынын да айтты. Әрине, Мұрыннан Нұрпейістің айырмасы бар. Мұрын «Қырық батырды» жырлаудан аспай қалған (бұл азсынғанымыз емес, шындығын айту). Бұл жағына келгенде орыстың сказительдерін еске түсіреді. Ол – үні жақсы, ұзақ дастандарды жадында берік сақтаған, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ұлы еңбек сіңірген ғажайып адам. Бірақ өзі көп білетін бай жырларға өз ақындығын сабақтастыруға онша құлшынбаған. Ал Нұрпейіс тіпті басқаша жаратылған жан. Ол жастай үйренгендерін бүгінге жеткізудің үстіне, өзінің келелі ақындығына да кең жол ашқан. Халық аузындағы «Нарқыз», «Ақкенже» сияқты қызықты аңыз әңгі­ме­лерді өз тарапынан, өз атынан жырлап, оқиғаларын да ұзарта то­лық­тырып, меншікті поэмаларына айналдырған. Сонда ол бұл поэма­лардың қаһармандарына бүгінгі тұрғыдан қарап, бүгінгі рухта­ғы қуат беруді де ұмытпаған», деп Нұрпейістің жыршылық, жыраулық, ақындық қасиеттеріне ерекше тоқталады.

Ол заман шындығын көрсеткен «Кектің дауысы», «Қазақбаймен айтыс» атты көлемді жырлар мен өмір­дің келеңсіз құбылыстарын сына­ған сатиралық өткір де қысқа өлеңдер шығарған. Жыр дүл­дүлі, әсіресе, халқымыздың кеңес­тік замандағы әлеуметтік-эконо­ми­калық және мәдени жетіс­тік­терін шабыттана жырлады. 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, туған өлкесі Қазақстанға деген шек­сіз сүйіспеншілігін, оның әсем таби­ғаты мен кен байлығын, өркенді өнді­рісін жырға қосып, жаңа заманға ілесіп, жаңа үрдіспен дамы­­ған халқының жарқын бей­несін суреттейді. «Ғажайып көр­меде», «Өңімдегі жұмбақ», «Қазақ­стан», «Ұлы Отанның сүйікті ұлы болыңдар» және т.б. өлең-жыр­лары – осындай тың шабыттан туған отансүйгіштік шығармалар.

Нұрпейіс Байғанин, әсіресе, Отан қорғау туралы көп жырлаған ақын. Ол шығармашылық жағы­нан әбден толысып, елге кеңінен та­нылған кемел шағында Ұлы Отан соғысы басталды. Бүкіл жұрт­шылыққа үлкен сын болған ауыр кезеңде қарт ақын жасының ұлғай­ғанына қарамастан ортақ Отанға төнген қауіпті өзінің туған өлкесіне тиетін қатердей сезініп, жүрекжарды жырларын жауға қар­сы қару етті, заман ағымына сай отан­шыл рухтағы өткір өлеңдерге өзгеше өң берді, өзгеше үн қосты. Ақынның соғыс жылдарындағы өлең-жырлары мен эпи­калық шығар­малары Отан қорғау тақы­ры­­бында. Жауынгерлердің жан­қияр­­лық ерлігін, халықтың қаһар­ман­дық күресін шебер бейнеледі. Ақын­ның нағыз талант шыңына көтерілген шағы осы тұс еді.

Қарт ақын ерлік көрсеткен атақты батырлар туралы көлемді эпикалық дас­тандар шығарумен де әйгіленді. «Ер туралы жыр», «Жиырма бес» дастандары Кеңес Одағының батырлары, атақты 28 панфиловшының бірі Нарсұтбай Есбо­латов пен әйгілі батыр Төле­ген Тоқтаров ерліктерін дәріптеуге арналса, «Капитан Гастелло» дас­таны ерлікпен қаза тапқан қаһар­­ман ұшқыштың батыр­лық әрекетін баяндайды. Ақын нағыз батыр­лар туралы бұл шығар­ма­ла­рында эпос­тық дәстүрлерді шебер пайдалана білген.

Ақын шығармаларының үлкен беделге ие болғаны соншалық, тіпті сұрапыл соғыс жүріп жатқан кезде Н.Байғаниннің «Қазақ­стан майданға» өлеңінің негізін­де Алматы көркем және хроникалы фильм­дер студиясы осы атпен деректі киноочерк түсірген. Бұл фильмді халық майданда да, тыл­да да үлкен ризашылық сезім­мен көріпті.

1938 жылдан бастап Нұрпейіс Бай­ға­нинге де әдеби хатшылар белгіленді. Қазіргі Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты басшылығының себепкер болуы­мен ақынмен алғашында Ахмет Ескендіров деген талантты ақын жұмыс істеген, ол соғысқа кеткен соң Мариям Хакімжанова, Қуан­дық Шаңғытбаев және т.б. ақындар Нұрпейіс шығармаларын бірден ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған. Ең үлкен өкініш – Нұрпейіс жырлаған «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және т.б. көптеген жыр жазып алынбаған. Ақынның өзі бұл жөнінде: «Суырыпсалма ақынның өлеңі аққан өзен сияқты ғой, өзеннің ағысын ұстап бола ма, біздің өлеңдеріміз де сол сияқты ағады, кетеді, айтқан кезімізде тақ еткізіп жазып алмаса, ойдан бір шыққан өлең енді қайтып ақынға соқпайды», деп ашығын айтқан екен.

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, башқұрт халқының ұлт көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған «Естеліктер. Түркістан халықтары мен басқа шығыс мұсылман түріктерінің ұлттық болмысы мен мәдениетін сақтау жолындағы күресі» атты кітабында: «Біз әкемнің өте бай екі қазақ досында бірнеше күн бойы қонақта болдық, олардың есімдері Найза және Нұрпей қажы еді. Нұрпей қажы әкеммен түйдей құрдас болатын, кейінірек ол екеуі Меккеге қажылыққа бірге сапар шекті. Нұрпейдің тұрғылықты мекені Троицкіден шығысқа қарай, Ерқарағай деген жерге жақын орналасты... Нұрпей қажы көптеген халық дастандарын жатқа білді, ерекше талантты ақын болатын. Мен ол кісіден оның біршама өлеңін жазып алдым. Кеңестік билік орындары егде жастағы қазақ ақыны Нұрпейіс Байғанин олардың пайдасына насихат жүргізіп жатқанын жазды. Оның кейбір туындылары тіпті радио арқылы да берілді. Кейін мен бұл ақын Байғаниннің басқа ешкім де емес, дәп біздің Нұрпей қажы екенін кездейсоқ анық­тап білдім. Ол нағыз мұсылман және өз халқына шынайы беріл­ген адам болатын. Ол ұлы «Қобы­лан­ды» дастанының ең толық та жетіл­дірілген нұсқасын біліп, жатқа айтты» деп ақын талантына жоғары баға беріпті. Бұл естеліктен бұған дейін айтылмай келген маңызды дерек – Нұрпейіс Байғаниннің қажы болғанын аңғарамыз. Үнемі іздену, үйрену, өсу, өркендеу жолында халық поэзиясын үлкен биікке көтерген жыр жүйрігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.

 

Серікқазы ҚОРАБАЙ,

Жазушылар одағының мүшесі,
профессор