
«Түлектеріміз Тәңіртау етегінде дүниеге келген біртуар жазушы Бердібек Соқпақбаев атындағы музейді жабдықтап берді. Іс-шараға мектепте 40 жылдан астам еңбек еткен ардагер ұстаздар шақырылды. Бұл музей – мектеп қана емес, аудан оқушыларына жасалған үлкен сый. Ауданға келген қонақтар жазушы атындағы мектепішілік музейден Бердібек атамыздың кітаптары һәм тұтынған заттарымен таныса алады», дейді Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектеп-гимназияның директоры Гүлмира Төлегенова.
Мектеп мақтаныштарының көшбасында 2023–2024 жылғы түлегі, Алтын белгі иегері, Азияның үш дүркін чемпионы Толғанай Қасымханның тұрары анық. Бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Толғанай Қасымханның құрметіне музейден арнайы бұрыш ашылған.
«Ауданымыздың ғана емес, еліміздің атын әйгілеген былғары қолғап шебері, жас боксшы қызымыз Толғанай да осы ауылда туып-өскен. Мектепті Алтын белгіге бітіріп, бүгінде Алматыдағы спорт және туризм академиясында білім алуда. Толғанайдың жетістігін мақтан етумен қатар, оқушылардың ынта-ықыласы артсын деп музейдің бір бұрышын арнап қойдық. Кезінде Бердібек атамыздың «Жекпе-жек» кітабын оқып, қанаттанған қызымыздың спорттағы әр қадамы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», дейді мектеп басшысы.
Екі жыл бұрын «Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына қатысқан бұл мектепке «Қазақстан халқына қорынан» 250 млн теңге бөлініп, мектептің материалдық-техникалық базасы толығымен жабдықталған. Оның ішінде химия, биология, физика, география кабинеттері жасақталып, лабораториямен қамтылған. Әрбір кабинетке интерактивті панельдер, заманауи компьютерлер қойылған. Бұл оқушылардың білімін арттырып, оқу сапасын көтеруге айрықша ықпал етері анық.
Алматы облысы