Руханият • Бүгін, 09:05

Төлтаңба тарихы насихатталады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Геральдикалық зерттеулер орталығының жанынан құрылған «Таңба» ғылыми-әдістемелік клубының кезекті отырысы өтті.

Төлтаңба тарихы  насихатталады

Жиын барысында қа­­­зақ гераль­дикасы­ның өзек­ті мәсе­ле­­ле­рі­ қозғалып, тың идеялар мен пікірлер ортаға салынды. Ор­талық басшысы Шерхан Та­лапұлы іс-шараның басты мақ­саты – әр саланың мамандары мен сарапшыларын бір алаңға жи­нап, мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы олқылықтарды са­ралау және қоғам алдындағы жаңа міндеттерді іске асыру екенін атап өтті.

«Біздің мақсат – сіздердің ұсы­ныстарыңызды, ой-пікірле­ріңіз­ді тыңдау. Алдағы бағыт-бағ­дарды бірге айқындау. Сіз­дер­дің көзқарастарыңыз біз үшін маңызды. Геральдика туралы қоғамда жалпы түсінік бол­ға­ны­мен, оны терең зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тұстар өте көп», деді ол сөзінде.

Жас тарихшылар, зерттеу­шілер, философтар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан алқалы жиында төл мәдениетімізді төрге шығаратын таңбаларды заман талабына сай интерпретациялау, ғылыми журналдарда сапалы материалдар санын арттыру, мектептерде үйірмелер ашу, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізу секілді бастамалар талқыланды.

Сонымен қатар қатысушылар қазақ геральдикасына арналған толыққанды жинақ құрастыру қажеттігін де атап өтті. Гераль­дикалық басқарма төрағасы Гүлдана Аргенова бұл бағытта ат­қарылып жатқан жұмыс тура­лы айтты.

«Қазақ геральдикасы» деген бір жинақ шығаруды көздеп отырмыз. Қазақ геральдикасының тарихи тұрғыда бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолы туралы нақты ғылыми дәлелдемелер, тұжырымдар жоқтың қасы.
IV ғасырдағы таңбалардан бастап бүгінге дейінгі рәміздік эволюцияны дәйекті түрде сипаттайтын толық зерттеу қажет», деді Г.Аргенова.

Алайда аталған жинақ жарық көргенге дейін де сарапшылар таңбалар тарихын, мемлекеттік рәміздердің маңызын, сондай-ақ Елтаңбадағы 41 элементті үздіксіз насихаттап отырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мақ­сатта ақпараттық-танымдық әрі ғылыми мақалаларды БАҚ­ бет­терінде тұрақты жария­лап оты­ру қажет. Осы ретте Қа­зақ­­стан қоғамдық даму инсти­тутының басқарма төр­ағасы Нұр­бек Матжани инсти­тут­­тың «KIPD Bulletin» атты ақ­па­раттық-сараптамалық жур­налы­ның алдағы санын геральдика та­қырыбына арнайтынын мәлімдеді.

«Шетелдік танымал басылымдарда осы бағыт бойынша жарық көрген сапалы мақалаларды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударып жариялауды жоспарлап отырмыз. Басылымның бас­ты мақсаты – қазақ қоғамында көп айтыла бермейтін ғылыми жаңалықтарды кеңірек талқыға салу», деп атап өтті Н. Матжани.

Клуб отырысына қатысушылар көне жазуларды жасанды интел­лек­тінің көмегімен анықтап, тіпті сол жазуларға екінші өмір сыйлауға болады деген пікір білдірді. Мамандардың айтуынша, қазақ әліпбиінің түп-тамыры – көне бітік жазуларынан бастау алады. Тарихы тасқа қашалған бұл жазулар сақтар мен ғұндардың дыбыстық таңбалары ретінде қолданылған. Ғалымдар қазіргі таңда 26 дыбыс пен 41 таңбадан тұратын төл жазуымыздың тарихын тереңірек зерделеу қажет екенін алға тартты.

«Көне бітік жазуы дейміз. Біз осы таңбалардың өзін қайта айналымға енгізе алсақ, бұл геральдика саласы үшін үлкен жетістік болар еді», деді филолог Алтынбек Құмырзақұлы.

Клуб жиынында Елтаңбамыз­дағы элементтердің зерттелу деңгейі, оларды өскелең ұрпаққа насихаттау жолдары да сөз болды. Спикерлердің бірі жоғары оқу орындарында студенттерге арнап «Геральдика» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар бакалавриат деңгейіндегі дипломдық жұмыстар мен ма­гистр­лік диссертацияларды қазақ геральдикасын зерттеуге бағыт­тау мәселесі де қозғалды.

Бұл бастамалар жоғары оқу орындарының оқытушылары тарапынан қолдау тапты. Астана халықаралық университеті тарих пәнінің оқытушысы Меруерт Тілебалдиева бұл пәнді элективті курс ретінде оқытуға дайын екенін жеткізді:

«Университеттерде электив курс ретінде оқытылса, құба-құп. Егер сіздердің маман­­да­­­­рыңыз келіп дәріс оқыса, бұл сту­дент­терді сапалы даярлауға үлкен үлес болар еді. Бізге өзара тығыз бай­ланыс орнату аса маңызды», деді ол.

Өскелең ұрпаққа мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары мектеп қабырғасынан басталуға тиіс деген пікірлер де айтылды. Мамандардың айтуынша, оқу­­­­шы­ларға арналған «Жас геральдист» сынды үйірмелер ашыл­са, балалардың символикаға деген қызығушылығын ерте жас­тан оятып, патриоттық сезім мен отансүйгіштік қасиеттерді қалып­тастыруға үлкен мүмкіндік туар еді.

Әсіресе шалғай өңірлерде арнайы байқаулар ұйымдастырылса, қойылған мақсаттардың нәтижелі болуына жол ашылады деген пікірлер де ортаға салынды.

Жалпы, екі сағатқа созылған қызу талқылау барысында түрлі идеялар мен тың ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, өңірлік нышандарды біріздендіру, мем­ле­кеттік рәміздерді дайын­дау­дағы сапа, оларды пайдалану тәр­тібі мен жауапкершілік мәсе­ле­лері кеңінен сөз болды.

Басқосу барысында ұсынылған барлық ой-пікірлер жинақталып, алдағы уақытта арнайы әдістеме­лік ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр.

 

Мақпал РАХАТҚЫЗЫ