Тарихи-өлкетану мұражайы Шымкентте 1920 жылы ашылған. Ә.Кенесарин жәдігерді 1931 жылы 8 маусымда табыстаған. Оны сол кездегі есеп журналына тіркелген жазба арқылы растауға болады. Музей құнды мұра үшін хан немересіне 100 сом төлеген. Мұражайда 80 мыңнан аса әртүрлі экспонат сақталған. Ең көне жәдігер сонау тас ғасырынан басталады.
Қылыштың жүзі темірден соғылған. Ұзындығы – 70 сантиметр. Қыны таза былғарыдан істелген. Сабы ақ сүйектен жасалған. Ел билеген Шыңғыс хан ұрпақтары үшін ақ сүйек бағалы саналған. Сабының жіңішке болу себебі хан Кене орта бойлы кісі болған деседі. Шайқаста ұстағанға ыңғайлы болу үшін әдейі солай жасаған болуы мүмкін деп топшылайды музей қызметкері Айгүл Төлендиева. Жалпы, Кенесарыда соғыс қаруы көп болған. Қайқы қылыш – соның біреуі ғана.
А.Төлендиеваның айтуынша, құжатта Кенесары ханның қылышы өте ескі, тот басқан деп көрсетілген екен. Бірақ қылыш бүгінгі таңда жалтырап тұр. Тіпті электр шамынан түскен жарыққа шағылысады. Музей қылышқа ешқандай реставрациялық жұмыс жүргізбеген. Қылыштың қынын ғана ауық-ауық камфор майымен сүртіп тұрады. Жәдігерді күтіп ұстау үшін солай істейді. Ал қылышқа экспонат ретінде қойылғалы бері ешкім қол тигізбеген. «Музейде істеп келе жатқаныма жиырма жыл болды. Осы уақыт ішінде қылышты сүртіп, тазалаған кезіміз болған емес», дейді А.Төлендиева. Маманның пікірінше, қылыштың жалтылдауы жүзінің тек темірден емес, басқа да қосымша металдардан соғылған болуы ықтимал. Бірақ музей осы күнге дейін қылышқа әлі ешқандай сараптама жүргізбеген. Сондықтан қай металдан жасалғаны туралы нақты ақпарат жоқ.
Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлын білмейтін қазақ жоқ. Ол – Ресей империясының отарлау саясатына қарсы күрескен даңқты тұлға. 36 жасында 1838 жылы Кенесары бастаған қол Ақмола қамалын шабуылдап, тас-талқан етеді. 1841 жылы құрылтайда үш жүздің баласы Кенесары Қасымұлын қазақтың ханы етіп сайлайды. Сол сәттен бастап хан Кене азаттық үшін күресті күшейте түседі. Бірақ оған Ресей империясы, Қоқан хандығы, кейбір қазақ сұлтандары қарсы тұрады. 1847 жылы Кенесары хан 15 мың қолмен қырғыз жерінде ұрыс жүргізеді. Бірнеше күнге созылған шайқаста хан тұтқынға түсіп, соңында қаза табады. Азаттық үшін күрескен осындай алып тұлғаның мұрасы бүгінде Шымкенттегі тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
Ал атасының қылышын музейге табыстаған Әзімхан Кенесарин – хан Кененің 8 ұлының бірі Ахметтің баласы. 1878 жылы Шымкентте туған. Осы қаладағы училищеде оқыған. Ә.Кенесарин – 1905 жылы Ресей империясы Министрлер кеңесінің төрағасы С.Виттеге петиция жазған азаматтардың бірі. 1917 жылы Әулиеата оязы қазақтарының съезін ұйымдастырып, екінші бүкілқазақ съезі төрағасының орынбасарлық қызметін атқарған. 1921 жылы Сырдария революциялық комитетінің хатшылығына сайланды. 1930 жылы «ұлтшылдық» жаласымен тұтқынға алынады. Қайқы қылыш Ә.Кенесаринге атадан балаға мұра арқылы берілген. Оны қанша уақыт өзінде сақтағаны белгісіз. Дейтұрғанмен бірінші қамалудан босап шыққан соң алдағы тағдырының қалай боларына алаңдап, азаттықтың ақ таңы үшін өзін құрбан еткен атасының қаруын музейге тапсырып үлгереді. Өкінішке қарай, Ә.Кенесарин 1937 жылы екінші рет тұтқындалып, сол жылы ату жазасына кесіледі. Репрессия құрбанына айналған қазақтың ұлт зиялысы тек 1956 жылы ақталады.
Мұражай қызметкері А.Төлендиеваның айтуынша, хан Кененің қайқы қылышы музейге келушілердің назарын өзіне аударған ең қызықты экспонаттардың бірі екен. Еліміздің өңірлеріне жасалған іссапарда да бұл жәдігерді адамдар көбірек тамашалайды. Қазақстанның әр өңірінде өтетін музейлік көрмелерде қазақтың соңғы ханының қылышы ең құнды жәдігер ретінде келушілерді бірінші қызықтырады.
ШЫМКЕНТ