
«TUF» реалити-шоуы осымен 33-мәрте ұйымдастырылып отыр. Жарыста жеңімпаз атанған файтер бірден UFC-ге жолдама алады. Кезінде Камара Усман, Нейт Диаз, Тони Фергюсон, тағы басқа жұлдыздардың дәл осы жоба арқылы танылғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазір Әліби Ыдырысқа өзін түбегейлі мойындатуға тамаша мүмкіндік туып отыр. Ол күш сынасып жүрген 56,7 кг салмақта сегіз спортшы өз өнерін ортаға салады. Әліби алғашқы сынақтан сүрінбей өтті. Енді оған жартылай финал мен финалда жеңіске жету қажет. Егер осы жоспар ойдағыдай жүзеге асса, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген қазақтың қайсар ұлын біз UFC-ден көреміз. Бұл ретте дәл осы салмақта әлемнің ең белді промоушенінде Асу Алмабаев пен Азат Мақсұмның да барын естеріңізге сала кетейік.
30 жастағы Ақтөбенің тумасы өзінің барлық жекпе-жегін «Найза» промоушенінде өткізіп, сол ұйымның чемпионы атанды. 2019–2025 жылдар аралығында Медет Жұмамұрат (сабминшн), Ислам Айбатов (сабминшн), Темур Жапаров (ұпай санымен), Арген Мәліков (нокаут), Аслан Өтеғалиев (ұпай санымен), Джохар Эскиев (нокаут), Флавио Сантос (нокаут), Алиссон Силва (ұпай санымен), Эриссон Феррейра де Силва (нокаут), Эдильсон Сантосқа (нокаут) сан соқтырды.
Әліби Ақтөбе қаласында «Еркін күш» клубында білікті бапкер Айбек Шоқбытовтың қол астында жаттығады. Командалық әріптестері қатарында Жалғас Жұмағұлов, Дәурен Ермеков, Гойти Дазаев, Нұрбек Қабдырахманов, Дастан Аманкелді, Бағдат Жұбаныш, тағы басқа танымал спортшылар бар. Солардың арасынан Жалғас дараланып, кезінде UFC-де күш сынасты. Өзге жігіттердің де қарқыны жаман емес. Олар да түрлі промоушенде өрелі өнерлерімен жанкүйерлерді қуантып жүр.