
Суретті түсірген – автор
Бұл шара туризмнің тың бастамасы десе де болады. Сонау кеңес өкіметі тұсында аудандарды байланыстырып тұрған су жолы тоқтағанымен, Өскемендегі өзен вокзалы маңы маңызын жойған емес. Бертін ГЭС пен Самал паркі арасында кеме жүзіп, қала тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлады. Күннің аптап ыстығында судың салқын самалымен серуендеу де таптырмас демалыс.
– Жаз шықса, бала-шағамызбен қайыққа мініп, анау ГЭС-ке дейін қыдырып қайтамыз. Сулы қалада тұрғанда мұндай серуеннің болуы заңды да. Әйтпесе, жасанды өзеннен пайда тауып отырған қалаларды да білеміз. Оның қасында біздікі қолда бар байлық. Бұрындары осынау өзен вокзалынан Семейге, Үлкен Нарынға да қатынап тұрдық, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сақып Бәсенова.
Ұлттық домбыра және су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында кемелер шеруі ұйымдастырылып, туризмге серпін бергендей болды. Шараға қатысқан қонақтар қайыққа мініп, серуендеп қайтты. Айтулы шеруге облыс басшылығы да арнайы келіп қатысты.
– Су ресурстарына бай Шығыс Қазақстанда кеме қатынасы қайта жанданып, серпінді дамып келеді. Бүгінгі ауқымды шара – соның дәлелі. Келер жылы біз бұл шеруге өзге облыстар мен шекара маңы мемлекеттерінен де қатысушыларды шақырамыз. Өйткені Ертіс өзені мен оның акваториясы бұған толық мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Н.Сақтағанов.
Өзен вокзалы айлағында өткен мерекелік іс-шараға облыс орталығының тұрғындары, ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері де қатысты. Жасөспірімдер қоңыр домбырадан күй төгіп, әншілер қала көгінде ән әуелетті. Өңір басшысы келесі жылы ГЭС маңында ірі кемелер шеруін өткізуге дайындық жұмысын бастауды тапсырды.
ӨСКЕМЕН