Аймақтар • Кеше

Ақмола облысында су құбырын жөндеп жүрген екі жұмысшы көз жұмды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында монтаж жұмысы кезінде екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында су құбырын жөндеп жүрген екі жұмысшы көз жұмды

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 6 шілде күні Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында су құбыры желісінде монтаждау жұмысы жүргізіліп жатқан кезде құдық ішінде қайғылы оқиға болды. Екі жұмысшы қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілген.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру жүргізіп жатыр.

«Полиция департаменті жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі бойынша тұрақты нұсқама өткізіп, қызметкерлердің жеке қорғаныс құралдарын қолдануын бақылауды, сондай-ақ жұмыс барысындағы анықталған заңбұзушылықтарды уақтылы жоюды ұсынады», – делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік санитария және қауіпсіздік техникасы талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге міндетті адам аталған талаптарды бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза болуына себепкер болса, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе дәл сондай мерзімге бас бостандығы шектеледі. Сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін немесе мүлде айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.