Сауран ауданында 72 тік дренажды ұңғыма қазылып, қолданысқа берілді. Әр ұңғыма 45 метр тереңдіктен секундына 60 литр жерасты суын береді. Бұл егіс алқабына қосымша су жіберу үшін қажет.
Ордабасы ауданында 44 тік дренажды ұңғыманың 17-сі жөнделді. Оның ішінде 10 ұңғыма қолданысқа берілді. Бұл ұңғымалар сор шаю жұмыстары үшін де өте маңызды. Нәтижесінде топырақтың құнарлығы артып, әр гектардың өнімділігі ұлғаяды.
Өңірге сапары барысында министр Бөген су қоймасына да барды. Қойманың жалпы сыйымдылығы 370 млн текше метр. Нысан 67 мың гектар егіс алқабын сумен қамтып отыр. Бүгінде шаруаларға секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. Осыған дейін су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
?️«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз алғаш рет Астана су қоймасында ауқымды тазалау жұмыстарын бастадық. Келесі кезекте Шардара су қоймасының түбін тазалау үшін жерснарядтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сол секілді Бөген қоймасын да тазарту мәселесін пысықтау керек. Бұл қоймаға жиналатын су көлемін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.