
Елордада қыста қар тазалау, жазда көшелерді жуып-шаю, қоқыс жинау үздіксіз жүргізіледі. Қоқыс контейнерлері жаңартылып, қалдықтарды бөлек жинау жүйесі енгізіліп жатыр. Тұрғын үй аулаларында сенбіліктер тұрақты өткізіліп, халықтың өз аумағына жауапкершілігі артып келеді.
Қалада жыл сайын мыңдаған ағаш, гүл мен көгал отырғызылады. Жаңа саябақтар, гүлзарлар мен демалыс орындары салынып жатыр. «Жасыл белдеу» жобасы аясында қала айналасындағы орман жолақтарының қатары қалыңдап келеді.
Тазалық, абаттандыру, көгалдандыру шараларына соңғы кезде Мемлекет басшысының бастамасымен басталып, бұқаралық сипат алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еселеп екпін берді. Айталық, биылғы жаз маусымы басында ауқымды экофестиваль өтіп, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының қорытындысы шықты. Жалпы, экологиялық бастамаға осы күнге дейін қатысқандардың саны 6 миллион адамнан асыпты. Бұл дегеніңіз, әрбір үшінші отандасымыз тазалық сақтауға үндейтін бастамадан құр қалмады деген сөз.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп келеді. Олардың барысында тұрғындар 1,8 млн гектар аумақты күл-қоқыстан тазартты, 1,6 миллионға жуық тал-дарақ отырғызды. Экологиялық акциядан құр қалмай, өз ауласын тазалауға шыққан тұрғындар бүгінге дейін шамамен 1,1 млн тонна қоқыс шығарған.
Еліміздің бас қаласында тазалық, абаттандыру жұмыстары жылдың барлық мезгілінде бір де толастаған емес. Елордалықтар жыл соңына дейін миллионға жуық тал-дарақ, көшет егуді жоспарлап отыр. Жақында «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтті. Оған 100 мыңнан астам қала тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері, спортшылар, мәдениет қайраткерлері, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары қатысты. Сенбілік барысында 12 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 16 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылды. 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл 100-ден астам ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Жыл басынан бері қаладағы Ақбұлақ өзенінің жағалауы, Р.Қошқарбаев даңғылы мен С.Нұрмағанбетов көшелерінің қиылысы, Ж.Омаров көшесі, Абай даңғылы, Ш.Уәлиханов көшесі, Кирпичный тұрғын алабы, сондай-ақ Керей, Жәнібек хандар, Ұлы Дала көшелерінің бойы, Бейбітшілік, К.Күмісбеков, Е.Серкебаев көшелерінің бойы, Жағалау саябағының аумағы тазаланған. «Жастар» саябағында, Ботаникалық бақта, Көктал саябағында, Абай алаңында, басқа да қоғамдық орындарда көптеп көшет егілген.
Жуырда өткен экологиялық акцияға қаланың барлық алты ауданы жұмылды. Абаттандыру жұмыстарынан Байқоңыр ауданының тұрғындары да шет қалмады. Олар қала орталығындағы Ж.Тәшенов көшесінің бойына, Есіл өзенінің жағалауына 500 түп ағаш екті.
«Біз абаттандыруға шыққан аумақты қаланың қақ ортасы деп айтсақ болды. Себебі мұнда Есіл өзенінің жағалауы бар. Сол сияқты Ақбұлақ өзені ағып жатыр. Өзен жағасы саламатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындарының жиі қатынайтын аумағы. Кешкі уақытта жастар көп келеді. Осыны ескере келе, біз түрлі ағаш тұқымдарын отырғызуды ұйғардық. Олардың арасында қылқан жапырақты ағаштардан шырша, қарағай, қайың әкелдік. 100 түп алма, алмұрт ағашы бар», – деді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
Биыл абаттандыруға қатысты ауқымды инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жалғасады. Мәселен, Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден Амман көшесіндегі көпірге дейін Есіл өзенінің жағалауын абаттандыру басталады. Жоба тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауды, спорттық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Сондай-ақ, Есіл өзенінің бойындағы саябақ аймағын көгалдандыру, жаңарту жұмыстары жалғасады. Бұл кластерге Бейбітшілік және келісім саябағы, Триатлон паркі, Президенттік саябақ, «Қалалық романс» паркі кіреді.
Тазалық, абаттандыру жұмыстары аясында қала тұрғындары, еңбек ұжымдары өз аулаларын ғана емес, қаладағы арықтарды, көшелерді, тротуарларды, қоғамдық орындарды да тазалап отырады. Көшет отырғызу, оны күтіп ұстау жөніндегі маусымдық агротехникалық жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Сауда алаңдары тазарып, рұқсат етілмеген үйінділер шығарылған. Мердігер ұйымдар шағын сәулет нысандарын, ескерткіштерді, қоқыс орындары мен контейнерлерді жуып, қалпына келтірген.
Бұл Астана қаласында іске асып жатқан қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана. Елорданың таза әрі жайлы қала болуында әр тұрғынның үлесі маңызды. Тазалық – тәртіптің, абаттандыру – өркендеудің белгісі.