«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:20

Өркенді істер жалғасады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Жамбыл облысында үздіксіз жалғасып жатыр. Жалпыұлттық сипат алған науқанға барлық сала өкілдері мен қала, аудан, ауыл тұрғындары үлес қосып, қоршаған ортаның тазалығы жолында жұмылған жұдырықтай бірлік танытып отыр.

Өркенді істер жалғасады

Акцияға жыл басынан бері өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастап, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері, сан саланың қызметкерлері көп үлес қосты. Облыс орталығы Тараз қаласындағы бірқатар шағын ауданда мыңдаған көшет отырғызылды. Біршама уақыт бұрын Тараз қаласындағы «Әулиеата» ауданының «Мыңбұлақ» шағын ауданында «Таза аула» акциясы ұйымдастырылды. Науқанға жастармен бірге шағын аудан тұрғындары бір кісідей қатысып, тазалық жұмысын жүргізді.

«Белсенді жастар экологиялық акцияға қатысудан ешқашан бас тартқан емес. Облыс орталығы Тараз қаласының мұнтаздай таза болмауы – бәрімізге сын. Өйткені көне Тараз – еліміздегі жасыл қалалардың бірі. Науқанға шаһар тұрғындарының көптеп атсалысып жатқаны көңіл қуантады. Жергілікті тұрғындар таби­ғатты аялауды, қоршаған ортаға қам­қорлықпен қарауды өмір салтына айналдырды. «Таза аула» акциясы барысында тұрғындардың көне шаһардың тазалығына жауапкершілікпен қа­райтынын айқын сезіндік. Тазалық – мәдениеттің, өркениеттің белгісі. Қала халқы мұны жан жүрегімен түйсініп, облыс орталығын қоқыстан тазартуға жоғары жауапкершілікпен атсалысты», деді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Камал Тұрлыхан.

экол

Аптап ыстығы апшыны қуыратын жаз мезгілінің қытымыр мінезіне қарамастан, Байзақ ауданының халқы Сарыкемер ауылындағы Ағаділ Сухан­баев атындағы саябақты қоқыстан тазартты. Қордайлықтар да экологиялық акцияға мүмкіндігінше үлес қосты. Меркі ауданының белсенділері тау шатқалдарына толып қалған қоқыстарды жинады. Тұрар Рысқұлов ауданының азаматтары «Жеңіс» саябағында тазалық жұмысын жүргізді.

«Тазалық ауладан басталады. Әрбір адам өзі тұратын өңірдің таза­­лы­ғына жауапкершілікпен қараса, эколо­гиялық мәдениет қалыптасады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барша азаматтың қоршаған ортаға құр­метпен қарауына сеп болды. Оны көзбен көріп жүрміз. Аудан орталығының тазалығы бәрімізге сын», дейді Құлан ауылының тұрғыны Гүләйхан Маратқызы.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген ресми дерекке жүгінсек, көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында басталған «TazaLike», «Таза аула» «Таза қала», «Үл­гілі аула» байқаулары өңірде тұрақты түр­де өткі­зіліп жатыр. Байқау аясында үз­дік шық­қандар арнайы марапаттарға ие болды.

Жалпы, жыл басынан бері Жамбыл облысында 803,8 мың шақырым каналдар мен арық жүйелері тазартылды. Сонымен қатар 79,2 мың тұрғын үй аула­лары мен 2,7 мың шақырым көшеде тазалық жұмысы жүргізілді. Өңір бойын­ша 6,1 мың тонна қоқыс шығарылып, 286,9 мың көшет отырғызылды. 641,1 мың шаршы метр саябақ пен гүлзар аумағы тазартылды.

экология

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық» тақырыбымен экологиялық акция ұйымдастырылған болатын. Оған өңір басшысы Е.Қарашөкеев бастаған лауазымды тұлғалар қатысты. Акцияға облыс аумағындағы 248 мектептен 10 375 оқушы лайықты үлес қосты. Оқушылар түрлі тақырыптағы байқауларда бақ сынады. Үздік шыққан озаттар өңір басшысының қолынан арнайы бағалы сыйлықтарға ие болды. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында қолға алынған өркенді істер ілкі сәтке де тоқтаған емес. Алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылмақ.

 

Жамбыл облысы