
Абай еліндегі өлкетану музейінің құнды жәдігерлерінің бірі – ХІХ ғасырға тиесілі ат әбзелдерінің жиынтығы. Мұны 1912 жылы музей қорына сыйға тапсырған Нұрғали Құлжанов (Инвентарлы нөмірі – 449, этн 94).
Біріншісі – жүген. Өзегі былғарыдан түйілген. Тысы қызыл күрең барқытпен қапталып, түрлі-түсті жібекпен кестеленген. Ұштары күміс пластиналармен әшекейленген, бетін ұсақ көгілдір ақықпен (бирюза) көмкерген.
Екіншісі – құйысқан. Оның да беті қызыл күрең барқытпен қапталып, түрлі-түсті жіптермен әдіптелген. Екіге айқасқан тұсы күміспен күптеліп, сырты ұсақ ақықпен көмкерілген. Құйысқанның ұзындығы – 69 см.
Үшіншісі – құйысқан үзбесі. Бұл әбзелдің орта тұсы доғал, күмістен жасалған үлкен пластина. Оның беті ұсақ ақықпен көмкерілген. Пластинаның екі жағына төрт баудан сегіз бау жіберілген. Баудың ұштары күміспен шашақталған. Үзбенің ұзындығы – 16,3 см.
Төртіншісі – өмілдірік. Ол да былғарыдан жасалған, беті барқытпен тысталып, түрлі түсті жіппен кестеленген. Шашақ түптері күміс пластиналармен қапталған, сондай-ақ ол да айналдыра ақықпен әшекейленген. Өмілдіріктің өлшемі – 62 см.
Абай облысы