Спорт • Бүгін, 17:23

Елордада ерекше боулинг турнирі өтті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорда күніне орай «Мүгедек жастар қоғамы» боулингтен қалалық турнир өткізді. «Экстрабилити-2025» деп аталатын бұл жарыстың ережесі бұрынғыдан өзгеше болды, деп жазады Egemen.kz.

Елордада ерекше боулинг турнирі өтті

Әдетте сезім мүшелерінің бірі істен шықса, оның орнына басқа қасиет ерекше дамып, адамның бейімделу қабілеті арта түсетіні белгілі. «Экстрабилити-2025» турнирінің ерекшелігі де осы қағидатқа негізделген. Осы жолы қатысушылар боулингті көзін байлап ойнады. 

турнир

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат қоғамда инклюзивті жандарды қолдауға және «экстрабилити» ұғымын терең түсіндіруге бағытталған. Қатысушылар тек жеңіс үшін емес, ішкі әлеуетті ашу үшін  сынға түсті.

Тәуекел Наурызбаев – ерекше байқауды өткізуге мұрындық болып отырған бірлестік мүшесі. Ол осындай форматтағы ойын әлемдік үлгідегі жетілген тәжірибе екенін айтады. Елімізде бұл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. 

турнир

«Екі көзі көрмейтін адамның, түйсігі мықты болады. Ел ішінде мұны «үшінші көз» немесі «көкірек көзі» деп жатады. Ол әр адамның ішіндегі бұғып жатқан қуат. Боулингті көзді байлап ойнау сезгірлікті, кеңістікті сезінуді, зейін қоюды және есте сақтауды үйретеді. Ең бастысы зағип жандардың әлеміне бойлап көреді. Бұл қоғамдағы түсіністік пен бауырмалдықты арттырады деп есептейміз», дейді Тәуекел Наурызбаев.

Турнирге мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен «Мүгедек жастар қоғамы» бірлестігінің мүшелері қатысты. Іс-шара соңында ұйым төрағасы Мұрат Әбдімомынов ойыншыларға алғысын білдіріп, үздіктерді арнаулы кубок және дипломдармен марапаттады.