Президент • Бүгін, 09:00

Мемлекет басшысы АӨСШК штаб-пәтеріне барды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент елордада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) штаб-пәтерінің ашылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен АӨСШК бас хатшысы Қайрат Сарыбай Ұйымның негізгі кеңсесіндегі ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашып, Құрмет қарауылы ротасы АӨСШК туын көтерді.

Мемлекет басшысы АӨСШК штаб-пәтеріне барды

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Мемлекет басшысы жаңа штаб-пәтердегі жұмыс кабинеттерін, open space аумағын, аудармашылар кеңсе­сін, төрағалық залын және музей-кітапхана бөлмелерін аралап көрді.

Президент іс-шараға жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, еліміздегі дипломатия саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мере­келерімен құттықтады.

– Бабаларымыз ғасыр­лар бойы «дала дипломатиясымен» өмір сүрген. Халқымыздың мәмілегерлік дәстүрінің арқасында Ұлы далада бейбіт өмірдің ерекше үлгісі қалыптасқан. Құрмет пен сыйластық қашанда қастерлі құндылық ретінде бағалан­ған. Ертеден келе жатқан осы қағи­да – сыртқы саясатымыздың мызғымас тірегі әрі айнымас темірқазығы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес штаб-пәтерінің ашылуын шын мәнінде елеулі тарихи оқиға ретінде атап өтті.

– Отыз жылдан аса уақыт бұ­рын Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңесті құру бастамасын көтерді. Бұл халықаралық қоғам­дастық тарапынан тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында өңір елдерінің күш-жігерін біріктіру үшін дер кезінде жасалған қадам ретінде кең қол­дауға ие болды. Біз әуел баста тек ынтымақтастық, өзара түсі­ністік пен диалог арқы­лы ғана бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты сақ­тап, өсіп-өркендей алаты­ны­мызға сендік. Ұйымның сенім шараларын нығайту қағидаты қазіргі заманда аса өзекті. Азияның 90 пайызын қамтитын және әлем халқының жартысынан астамын біріктіретін АӨСШК халықаралық қатынас­тардың дамып келе жатқан архитектурасындағы маңызды элементке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

сми

Президент геосаяси шие­леністің өршуі мен көпжақтылық қағидаттарының әлсіреуі өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа едәуір қауіп төндіретінін атап өтті.

– Әлем бұрын-соңды болмаған күрделі үдерістермен бетпе-бет келіп отыр. Оны байыппен зерделеп, терең түсіну қажет. Шын мәнінде, халықаралық құқықтың негіздері біртіндеп күйреп, өздерін заң талаптарынан жоғары қоятын күштер пайда бола бастады. Мұндай жағдайда барлық елдің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы қағидаттарын қатаң сақтап, ортақ нормаларды біржақты тәпсірлемеуі маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға ниетті.

– Менің Президент ретіндегі ұстанымым – елімізде заң мен тәртіп мызғымас қағидатқа айналуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде бейбіт жиналыстар туралы заң жетілдіріліп, саяси партияларды тіркеу шегі төмендетілді. Жала жабуды қылмыс санатынан шығарып, өлім жазасын алып тастадық. Аталған шаралар еліміздің демократия құндылықтарына, заң үстемдігіне әрдайым бейіл екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы елімізде энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы инфрақұрылымды жаппай дамыту үшін қабылданып жатқан шараларға да тоқталды.

– Қазақстан халықаралық серіктестермен бірге теміржол және автокөлік дәліздерін, теңіз порттарын, жалпы транзит және логистика саласын жаңғыртуды белсенді түрде қолға алды. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллект – еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Біз елімізді цифрлық мемлекетке айналдырғымыз келеді. Өйткені жасанды интеллект өсімі инновация мен цифрлық дербестіктің негізгі қозғаушы күші болады. Осы стратегиялық маңызы зор салаға күш-жігерімізді жұмылдыру үшін Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрдық. Көп ұзамай қуатты суперкомпьютерді іске қосамыз, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашы­лығын жаңғыртуды тағы бір стратегиялық бағыт ретінде атады. Ел экономикасын әртарап­тандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аталған саланың ықпалы зор.

– Біз жаһандық қосылған құн тізбегімен толық инте­гра­ция­ланған, сондай-ақ кли­мат пен орнықты даму саласын­дағы мақсаттарға сай келетін тұрақ­ты экономиканың негізін қалап жатырмыз. Бұл ұзақмерзім­ді мақсатқа жету үшін халықара­лық серіктестермен тығыз ынтымақ­тастық құруға мүдделіміз. Орайлы сәтті пайдаланып, осы маңызды бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан дипломаттар қауымының айрықша рөлін атап өткім келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша АӨСШК қатысушы­ларына табыс тілеп, Ұйымға жо­ғары деңгейде төрағалық жаса­ғаны, диалогті нығайтудағы өлшеусіз күш-жігері, АӨСШК-нің институттық дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның сенімді досы – Әзербайжан еліне алғыс айтты.