
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Кедейлік деңгейі – көптеген фактор өзара қабысқан күрделі де көпқырлы мәселе. Бүгінде тұтастай алғанда, еліміздің экономикалық өсімі жаңа жұмыс орындары мен кірістерді арттыруға мүмкіндік туғызады. Дегенмен ішкі жалпы өнімнің өсуі ғана емес, халықтың әртүрлі топтары арасында кірістердің әділ бөлінуі де маңызды. Егер экономикалық өсу аз қамтылған топтардың әл-ауқатының жақсаруымен сабақтаса жүрмесе, адамның кедейліктен өздігінен арылуы екіталай. Мәселен, қиын жағдайдан шығудың негізгі көзі – тұрақты, жоғары жалақылы жұмыс десек, айлығы шайлығына жетпейтін, әлеуметтік кепілдіктер мен кәсіби өсу мүмкіндіктері жоқ жұмыс материалдық жағдайды жақсартуға ешқашан сеп болмайды. Сондай-ақ сапалы білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, басқа да әлеуметтік игіліктерге қолжетімсіздік кедейліктен шығуға мұрша бермейді. Отбасының жан саны, балалардың, әсіресе мүгедек балалардың болуы, сондай-ақ еңбекке қабілетті жандардың болуы әл-ауқатқа айтарлықтай әсер етеді. Кедейлік қаупіне көпбалалы немесе жалғызбасты отбасылар да біртабан жақын. Инфляция, әсіресе азық-түлік пен қажетті тауарлар бағасының өсуі – табысының едәуір бөлігін негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға жұмсайтын аз қамтылған отбасыларға қосымша ауыртпалық.
Кедейлік деңгейі аймаққа, демографияға байланысты айтарлықтай өзгереді. Ірі қалаларға қарағанда ауылдық жерлер мен шалғай аймақтарда ахуал басқаша. Бұл жұмыспен қамту мүмкіндіктерінің шектелуіне, инфрақұрылымды дамытудың төмен деңгейіне, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділіктің жеткіліксіздігіне байланысты. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өткен жылдың бірінші тоқсанында елдегі кедейлік деңгейі 4,6% төңірегінде болды. Бұл ретте экономикалық ерекшеліктеріне, өнеркәсіптік даму деңгейіне, жұмыс орындарының қолжетімділігіне қарай Түркістан облысында кедейліктің ең жоғары (7,9%), Қарағанды облысы мен Астанада ең төменгі (2,4%) деңгейі тіркелген.
Бүгінде төрт, одан да көп баласы бар отбасылар халықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тобының 97%-ын құрайды. Мұндай отбасылардың 90%-ы жан басына шаққандағы орташа табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен екі еседен аспайтын мөлшерде алып, кедейлік қаупіне ұшырап отыр. Сондай-ақ бес немесе одан да көп адам тіркелген үй шаруашылықтарының ішінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кірістер орташа республикалық деңгейден екі есе көп болды. Бұған қоса ауыл шаруашылығымен айналысатын ел тұрғындарының шамамен 40%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтыған, бірақ лайықты өмір сүру деңгейін ұстап тұруға жеткіліксіз табыс табатындар. Демек, кедейлікпен күрес өңірлік, демографиялық ерекшеліктерді ескеруді, халықтың неғұрлым осал топтарын қолдаудың нысаналы бағдарламаларын әзірлеуді талап етеді.
Кедейлікті азайтуда, қолдауға зәру отбасыларға көмек көрсетуде әлеуметтік қолдау мен атаулы көмектің тиімді жүйесі маңызды рөл атқарады. АӘК – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар мен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік қолдаудың негізгі құралы. Ол ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру мен отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығаруға негізделген. Былтыр елімізде атаулы әлеуметтік көмек алған 50,9 мың отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шықты. Аталған кезеңде жалпы сомасы 39,5 млрд теңгеге 78,1 мың отбасындағы 413,7 мың адамға АӘК берілді. Оның көбі балаларға, жұмыс істейтін азаматтарға, балаларды, қарттарды, мүгедектігі бар адамдарды күтетіндерге, сондай-ақ азаматтардың басқа санаттарына тиесілі. АӘК аясында табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау, табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру, жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, оқуға жіберу, тағы басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу көзделген.
Әйтсе де қазір қолданыстағы әлеуметтік қолдау жүйесінің атаулылығы мен тиімділігіне сұрақ көп. Жәрдемақыға жағдайы бар адамдар да ортақтасып, шын мұқтаж отбасылардың қолдаусыз қалып жүргені ұдайы айтылып келеді. Осы ретте Президенттің атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігін қайта қарау мен оның тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК жүйесін жан-жақты пысықтады. Сөйтіп, жуырда елімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеудің жаңартылған қағидалары күшіне енді. Жаңашылдықтардың басты мақсаты – жүйені анағұрлым нақты әрі әділ ету. Енді мемлекеттік көмек рәсімдеу кезінде өтініш берушінің табысы ғана емес, шығындары да ескеріледі. Министрліктің жоспары бойынша, бұл өзгеріс шынымен мұқтаж жандарды анықтап, көмекті дәл сол адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді. Өтініш берген кезде барлық қажет деректер «электронды үкімет» жүйесі арқылы автоматты түрде жиналады. Ақпарат азаматтық мәртебесінен бастап, тіркелген мекенжайы, көлік пен жылжымайтын мүлік иелігі, депозиттер, банктік қарыздар мен жұмыс не бизнестен түсетін табыстарға дейін түрлі мемлекеттік органның дерекқорынан алынады. Азаматтың асырауындағы адамдардың оқып жүргені, алименттің тағайындалуы, еңбекке жарамдылығы мен біліктілік деңгейі де тексеріледі. Биылдан бастап елімізде кедейлік шегі – өтініш берілген тоқсаннан алдыңғы тоқсандағы медиандық табыстың 35%-ына тең, бірақ ол сол кезеңдегі өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды тығырықтан шығару тәжірибесі қоғамның өткір проблемасына жаңаша қарауға, іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігін терең бағалауға үйретіп отыр. Экономистер әлеуметтік көмектен гөрі, халықтың табысын арттыратын, экономиканың нақты секторын дамытатын тетіктер керек десе, әлеуметтанушылар кедейлік ұрпақтан-ұрпаққа жалғаспауы үшін қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер болуға тиістігін алға тартады. Бұл тұрғыда оң өзгерістер жәрдемақы бөлуден бастап, халықтың табысының тұрақты өсуіне жағдай жасауға дейінгі ұзақмерзімді реформалардың нәтижесінде толық көрінбек.