Руханият • Бүгін, 09:45

Кітап құндылығы

60 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы ұтымды бастама, уақтылы қолдау арқасында Үкімет қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, Тұран даласында руханият тойы салтанат құрды. Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, арнаулы дата енгізудегі басты мақсатты айқындап берді: «Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады».

Кітап құндылығы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жобалардың тиімділігі жоғары

Ұлттық кітап күні ретінде 23 сәуір бекер таңдалған жоқ. 1995 жылдан бері дәл осы күні ЮНЕСКО бастамасымен «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» атап өтіліп келеді. Бір­неше іргелі мемлекеттерде мемлекеттік ­дең­гейде бекітілсе, ғалам дидарындағы 130 елде жыл сайы­н осы күні кітап төңірегінде түрлі іс-шара өтеді.

Испания, Ұлыбритания, Ирландия, Үндістан, Қытай сияқты алпауыт елдерде кітап күні мемлекеттік деңгейдегі мереке ретінде бекітілген, ал Жапония тұтас сәуір айын кітап оқу айы деп таныған. Көшелі елдердегі кітапқа құрмет пен олардың қоғамдық мәдениетіне сіңіп кеткен кітап оқу – біз үлгі алатын, бой түзейтін бағыт. Қарап отырсаңыз, кітапқа құрметі жоғары елдер тізімінде көш соңында жүрген ешкім жоқ. Яки, кітап оқу ескіліктің сипаты емес, естияр елдің ой еңбегі һәм ақыл қалтасы.

Ұлттық кітап күні қарсаңында тұң­ғыш республикалық «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы жария­ланды. 10 аталым бойынша өткен байқаудың жалпы жүлде қоры – 36,500 мың теңге. 120-дан аса кітап қатысқан республикалық доданың тұсаукесері жо­ғары деңгейде өтті. Жыл сайын дәс­­т­­үр­­лі түрде өткізу жоспарда. Ми­нистр­­­лік тарапынан кітап индустрия­сын мем­лекет тарапынан ынталандыру, оқыр­­ман мәдениетін қалыптастыруға ар­налған ауқымды іс-шара, баспагерлер мен авторларға еңбек бәсекесін туғызатын алаң қалыптастыру мақсатын қамтитын ірі жобалардың бірі – бұл.

«Ұлттық кітап» байқауының бір­қатар жеңімпаздары өз жүлделерін кітапха­наларға кітап таратуға жұмсайты­нын айтты. Кей баспалар жүлделерін бала­лар үйіне аударатын болды. Бұл – кітап индустриясындағы мекемелердің әлеу­меттік жауапкершілігіне мән бере бастағанының айқын көрінісі. Жалпы кітапханаларға, оның ішінде аудандық және ауылдық кітапханаларға кітап сыйлау арқылы қайырымдылық іс-шара­лары жақсы белең алып келеді. Мысалы, Абай облысында белгілі кәсіпкер, меценат Дулат Тастекей басшылық ететін «Assyltas» қоғамдық қоры мен «Қазақ тілі» қоғамы «Артық білім – кітапта» деген ауқымды жоба өткізді. Жобаның нәтижесі – аймақтағы 233 ауыл мектебіне 13 мың кітап тегін жеткізілді.

 

Жетістіктер мен түйткілдер

Кітап – автордың ой еңбегінің, тұжы­рымының нәтижесінде туған өнім. Кітап – тауар, құрал. Кейінгі жылдары елі­мізде кітап дүкендері жиі ашылып, қазақ тіліндегі кітаптар үлкен марткетплейстерде (Kaspi.kz, Halyq Market,

Flip.kz) сатыла бастады. Осындай өзгерістер кезеңінде тағы да бір проб­лема анық көрініп қалды. Ол – әдебиет­тегі, танымдық, ғылыми-көпшілік, нон-фикшн жанрлардағы жаңа есімдердің өте аз екені және сөредегі классиктер қатарында бәсекеге қабілеттілік дең­гейінің төмендігі. Бұл мәселеде қан­дай шешім қабылдамақ керек?

Мәдениет, руханият, әдебиет пен өнер саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі. Министрліктің тізгінін ұстап отырған азаматтар, тұтас лауазымды тұлғалар бұл мәселелерді көбімізден жақсы біледі әрі бірнеше сатылы шешу жолдарын қарастыратын іс-шаралар жоспары да бар. Соның бірнешеуіне тоқталып өтейік.

  1. Біз жоғарыда айтқан жаңа есімдерді қалыптастыру бағыты бойынша үлкен жобалар – «Айбоз» ұлттық әдеби сый­лығы, «Қазақстандық жас ақын-жазу­шылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлық», «Ұлттық кітап» байқауы.
  2. «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында да жас авторлардың есімі айтарлықтай өсті.
  3. Еліміздегі ірі кітап дүкендері желі­сінде қазақ тіліндегі еңбектер саны артты. Оның ішінде жас авторлар кітап маркетингінің қыр-сырын меңгеріп, нарықтық қатынасқа бейімделіп келе жатқанын байқау қиын емес. Мысалы, бәріміз білетін, бәріміз баратын «Meloman» кітап дүкендері желісінде 2022 жылы 200 мың қазақ тіліндегі кітап сатылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 260 мыңға жеткен, 2024 жылы 325 мыңға дейін өскен. Жыл сайынғы оқырмандар көрсеткіші осы қарқында өсіп отырса, онда біздің «Оқитын ұлт» сипатындағы жобаларымыз жүзеге асу үстінде деп айта аламыз.
  4. Былтыр отандық авторлар­дың еңбектері әлемге әйгілі «Frankfurter Buchmesse» көрмесінде тұңғыш рет ар­найы Ұлттық стендке қойылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолда­уымен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жетекшілігімен жүзеге асқан жұмыс нәтижесінде отандық авторлардың 250-ден астам еңбегі әлем назарына ұсынылды. Бұл – әлемдегі ең беделді кітап көрмесі. 2024 жылы әлемнің 153 елінен 115 мың кәсіби қатысушы келген. Осындай идеологиялық маңы­зы жоғары ауқымды жұмыстар қазақ­стандық авторлардың еңбегіне көрсе­тілген құрмет, мемлекет тарапынан көңіл бөлу деп есептеуге толық негіз бар.
  5. Халықаралық қана емес, елімізде екі ірі кітап көрмесі жұмыс істейді. Соның бірі – 2024 жылы ХІІ рет өткен «Ұлы Жібек жолымен» халықаралық кітап және полиграфия көрмесінің деңгейін ерекше атап өтуге болады. Халықаралық көрмеге 12 елден 110-нан астам баспа, кітап сау­дасы және полиграфия салаларының өкілдері қатысып, кәсіби тәжірибе алмасу алаңында саладағы жаңалықтар, жаңа үрдістер мен инновацияларды енгізу, өзара нарықтық қатынасты нығайту мәселелері сөз болды.

Бұның бәрі, әрине, ауыз толтырып айтатындай жетістіктер. Алайда отандық баспалардың, авторлар шығар­­маларының ірі-ірі халықаралық көрме­лерге қатысу деңгейі – әлі де күш салуды қажет ететін бағыт. Еуропада, Қытайда, АҚШ-та, Азиядағы көшбасшы елдерде мұндай беделді көрмелер көп. Кітап көрмесі – ел мәдениетінің, әде­биетінің деңгейін көрсетіп, авторлар еңбек­терінің халықаралық нарыққа шығуына, әлемдік әдеби қауымдастықпен қарым-қатынас жасауға айрықша сеп тигізетін баламасыз коммуникация, іскерлік байланыс алаңы.

Ендігі кезекте еліміздің кітап нары­ғындағы ең күрделі мәселеге тоқталайық. Бұл мәселе бірнеше жыл бойы үздіксіз айтылып келеді және әлі шешімін таппай отыр. Еліміздегі кітапханалардың ұзын саны 11 мыңды жуықтайтынын айттық. Оның 4 мыңға жуығы ғана Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты. Қалғаны – жергілікті атқарушы орган немесе өзге де профильді министрліктер қарамағында. Бұл жердегі жүйелі мәселе мынау – әрбір мемлекеттік органның бюджеттік шығыстарында (түрлі мемле­кеттік бағдарламалар) кітап басып шы­ғару және тарату қарастырылған. Осы мемлекеттік тапсырыспен шығатын еңбек­тер бір мемлекеттік органның аула­­­сынан аспайды. Яғни мемлекет қар­жы­сына кітап басып шығару және оны тара­ту ісінде кітапханаларды алалау бар деуге болады.

Ұлттық статистика бюросының де­рек­теріне сүйенсек, еліміздегі кітапха­на­лардың 80 пайызға жуығы (ірілі-ұсақ­ты) ауылдық жерлерде орналасқан. Ең қауіп­тісі – ауылдық/аудандық деңгейдегі кітапханалардың басым көпшілігі мектеп жанындағы кітапханалар. Бұл – Оқу-ағарту министрлігінің қарамағындағы кітапханалар деген сөз. Демек Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктері шығаратын әде­би, ғылыми-көпшілік еңбектер ауыл оқыр­мандарының қолына жетпейді. Мысалы, Мәдениет және ақпарат министрлігі­нің бағдарламаларында «Балалар әде­биеті» арнайы аталымы бойынша жылы­на бірнеше кітап жарық көреді. Алайда дәл бала­ларға арналған еңбектер өз оқыр­­­мандарына жетпейтінін аңғару қиын емес. Өйткені Мәдениет және ақ­парат министрлігі қаржыландыратын бағдар­ламалардың ауқымы мектеп, колледж, жоғары оқу орындары жанын­дағы кітап­ханаларды қамтымайды. Оқу­лық­тар­дан бөлек, өзге жалпы оқырман­ға арналған әдеби, танымдық еңбектердің мем­лекеттік бюджет есебінен шыққан саны жалпы кітапханаларды қамтып, ведомст­воаралық кітап тарату жұмыс­тарын жүйелеу шұғыл әрекетке көшуді талап етеді.

Ведомствоаралық мемлекеттік тап­сы­рыс­ты бөлу тәжірибесі қол­данылатын санаулы бағыттың бірі – мемлекеттік білім грант­тарын бөлу. Салалық жоғары оқу орын­дары өз кезе­гінде қажеттілігіне сай мем­лекеттік білім грантының санын есепті кезеңде жоғары білім беру сала­сын­дағы уәкілетті орган – Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсы­нады. Ол өз кезегінде мемтапсырыс­ты орна­лас­тырады.

«Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасына да осындай ведомствоаралық алгоритм әзірлеп, тиісті заңнамалық актілерге өзгеріс енгізу (қажеттілік болса) мүмкіндіктерін қарастыру керек.

Ғылым және жоғары білім министр­лігі мен Оқу-ағарту министр­лігінің қатысуымен Мәдениет және ақпарат министр­лігі  базасында ведомствоаралық комис­сия құру және осы комиссияның шешім­дері алдағы күнтізбелік жылы басып шы­ғарылатын әдебиеттер тізімін анық­тайтын құқыққа ие формадағы жұмыс­тарды жүргізу қажет.

Аталған екі ведомство Мәдениет ­және ақпарат министр­лігі тарапына тапсырыс беруші ретінде қарастырылуы да ықтимал. Бұл ретте дәл осы үш ми­нистр­­ліктің арасындағы мемлекеттік білім грантын бөлу тәжірибесін пайда­лануға болады.

Кітап тұсаукесер рәсімдері де жаңар­туды қажет етеді. Шағын топтардың айналасында іргелі еңбектер таныстырылып жатады. Кітап оқитын негізгі аудиторияның жастар екенін ескерсек немесе жастардың кітап оқуы негізгі мақсат екенін ойласақ, кітап тұсаукесерлерінің білім ордаларында, жоғары оқу орындарында өту тәртібін әзірлеуіміз керек. Бұл бағытта да жауапты министрлік арнайы қаулылар әзірлесе, нақты бір мекемелерді осы бағытта жұмыстануға бекітсе, құба-құп болар еді.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдар­ламаларды қайта қарап, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері бірігіп жү­зеге асыратын ауқымды жобаларға назар аудару керек. Мұндай жаңа тәртіп барша отандық авторлар үшін мем­ле­кеттік бағдарламаларға қатысудың тең мүмкіндігін, кітапханалардың мемле­кеттік бюджет есебінен жарық көретін еңбектерге тең қолжетімділігін, ауыл мен қала оқырманы үшін алшақтықты жоюды қамтамасыз етер еді.

 

Ел ертеңінің қамы

Бүгінгі таңда елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде ­3 873 кітапхана әмбебап және ­256 кі­тап­ха­на балаларға арналған. Сон­дай-ақ ел нарығында 15 жекеменшік кітапхана жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн. Былтыр оқырмандар кітапханаға 55,4 млн рет бас сұққан. Тұ­рақты оқыр­ман­дар саны 5 млн адамды жуықтайды екен. Оның бестен бірі кішкентай оқырмандар деген дерек айтылып жатыр. Қуанарлық жағдай: кітапханаға барған адамның сана­сында сәуле бар, рухани кемелденуге деген ұмтылысы бар.

Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана, Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Астана қала­сындағы Ұлттық академиялық кітапхана басшылары кітапхананы әдеби кездесулер мен кітап тұсаукесерлерін өткізетін, рухани кештер мен дөңгелек үстелдер өткізетін алаңға айналдыру трендін қалыптастырды. Мемлекет басшысы да осы сипаттағы пікір білдіріп, бізге тәулік бойы қызмет көрсететін кітапхана қажет екенін айтқан. Міне, кітап саласының төңірегінде осындай алға жылжу бар екенін ерекше атап өткеніміз жөн.

Президент кітапханаларға ерекше назар аударып, ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Осы орайда Астана, Алматы сынды қала­ларда жастарға арналған коворкинг-кітап­ханалар, цифрлық қызметті кеңінен қолданатын интеллект-орталықтар ашылып жатыр. Мұның бәрі кітапханалар­ды тек кітап алу орны емес, білім мен шы­ғармашылықтың қоғамдастығы ретінде қайта танытуда.

2024 жылы кітапханалар еліміздегі ең көп баратын мәдени орынға айналған: бір жылдың ішінде қазақстандықтар кітапханаларға 55,4 миллион рет барған, бұл көрсеткіш кинотеатрға барудан 2,5 есе артық. Бұл дерек халқымыздың кітапқа, білімге құштарлығы әлі де жоға­ры екенінің дәлелі. Демек кітапхана ісіне салынған инвестиция өз жемісін беріп, жұрттың рухани орталықтарға бетбұрысы артып отыр. Бұл үрдісті одан әрі қолдап, ауылдық жерлерде де шағын кітапханаларды жаңғырту маңызды міндетке айналғанға ұқсайды.

2025 жылғы 14–18 сәуір аралығында eGov мобильді қосымшасы арқылы еліміздің барлық өңірінен 46 мыңнан астам азамат қатысқан сауалнама нәти­жесі жарияланды. Зерттеу халықтың оқу әдеттерін бағамдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 57,3%-ы тұрақты негізде кітап оқитыны анықталды. Зерттеу кейбір қызық үрдісті де көрсетті: әйелдердің 58,7%-ы, ерлердің 55%-ы кітап оқитын болып шықты, демек әйел оқырмандар сәл белсендірек. Жас айырмашылығы бо­йынша 18–29 жас аралығындағы жас­тар­ және 61 жастан асқан үлкен буын ең көп оқи­тындар болып шыққан, ал 30–45 жас­та­ғылар арасында оқу үлесі төмендеу екен.

Сауалнама қазақстандықтардың қан­дай форматта кітап оқитынын да анық­тады. Жартысына жуығы – 50,8% – кітапты дәстүрлі қағаз түрінде оқиды екен. Қалғандарының 28%-ы смартфон арқылы оқуды құп көреді, 5,3% – электронды планшет қолданады, 3,8% компьютер арқылы оқиды.

«Жастар кітап оқымайды» дей­тін жаңсақ пікір де өз салмағын жоғал­тып келеді. Жастардың кітап оқуға құштарлығы артуда, ал олардың талғам таразысы өте күрделі: шетел әдебиетін де, ел әдебиетін де аса күрделі өлшемдерге сай келсе ғана оқиды. Автор мен оқырман арасындағы осындай талғам тартысы әдебиетті тек күшейте берері сөзсіз.

 

Аударма – басым бағыт

Әдебиетті, авторлардың еңбегін наси­хаттаудың, ел руханиятының, ұлттың интеллектуалдық деңгейінің шама-шарқын байқататын бағыт – аударма. Қазақ тіліне тікелей аударма жасау, қазақ тіліндегі шығармаларды шетел тілдеріне аудару жұмысы – аса маңызды идеологиялық жұмыс.

Бұл бағытта да айтарлықтай ілгері­леушілік бар. Айталық, еліміздегі кітап нарығын, кітап индустриясын бақы­лайтын бірден-бір мемлекеттік мекеме – Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының деректеріне назар аударсақ, 2024 жылы әлемнің 32 тілінен аударылған көркем әдеби кітаптар тіркеліпті. Оның ішін­дегі ең көп аударма – ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылған еңбек­тер, ­саны – 75. Ағылшын тілінен орыс тіліне ­33 кітап аударылса, орыс тілінен қазақ ­тіліне 19 еңбек тәржімаланыпты. Бұл – ке­йінгі кезде қазақ кітап индустриясын­дағы мамандардың ағылшын және өзге де әлем тілдерінен қазақ тіліне тікелей аударма жасауға машықтанғанының көрінісі.

Осы тұста айта кететін жайт – қазақ тіліндегі еңбектердің шет тілдеріне, оның ішінде жер бетінде кең тараған тілдер­ге аудару жұмысындағы ахуал. Біздің әдеби нарықта өзге тілді меңгерген және ұлттық әдебиетке қанық кәсіби аудармашылар аз. Бұл – посткеңестік елдерге, түркі жұрттарына ортақ жайт. Бірақ осы қиындықтан мақсатты түрде шығып келе жатқан елдер де жоқ емес.

Оңтүстік Кореяның Әдебиет аударма институты (LTI Korea) жыл сайы­н мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллион­ долларды бөлу арқылы өз автор­ларының еңбектерін жан-жақты насихаттайды, соның ішінде әдебиетін шетел тіліне аудару арқылы әлемдік нарыққа шығуды да қамтиды. Норвегия, Финляндия сияқты елдерде де мұндай бағдарламалар бар. Үндістандағы Ұлттық аударма миссиясы 2008 жылы 1 миллион­ доллар қорымен құрылған, содан бері жыл сайын қаражатын ұлғайтып келеді. Сауд Арабиясы «Tarjim» бағдар­ламасы арқылы тек аударма жұмысына жыл сайын 15 миллион долларды бөліп отыр. Ал Түркияда түрік жазу­шылар­дың 2 700-ге тарта еңбегін 61 тілге аудару үшін әлемнің 72 еліндегі 590 бас­па мекемесімен жұмыс жүргізіліп, жалпы 700 мың доллар көлемінде тұрақты қаржыландырылады.

Қазақ әдебиетіндегі мол мұраны да біз осы бағытта жүйелі түрде – мемлекеттің қолдауымен шетел тілдеріне аудару тетігін қарастырғанымыз дұрыс. Мұндай бағдарламаларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе, оны жүзеге асыруға ІТ технологиялар мен кітап саласы мамандарын тарту қиындық туғызбайды. Кітап саласын цифрландыру, шетел тіл­деріне аудару, баспа мекемелері ара­сында бәсеке туғызу, кітапты тауар ретін­де нарықтық қатынасқа бейімдеу – ең маңызды жұмыстың негізі.

Сондай-ақ 2024 жылы елімізде жал­­пы саны 794 көркем әдебиет аталымы жа­рық көрген. Оның ішінде 196 еңбек бала­лар мен жасөспірімдерге арналған.

Сол сияқты шетел классиктерінің таң­даулы шығармаларын аудару бойынша жеке бастамалар да көбейіп келеді. Мысалы, кейінгі жылдары Шекспирдің барлық сонеттері тікелей ағылшын тілі­нен қазақшаға тәржімаланып шық­ты. Эрнест Хемингуэй, Марк Твен, Антуан де Сент-Экзюпери, Пауло Коэльо, Мураками тәрізді әлемге әй­гілі авторлардың кітаптары қазақ тілін­де жарық көрді. Бұл еңбектердің бір­қатары еліміздегі жетекші баспалар арқылы басылып, кітапханаларға таратылса, енді бірі жеке демеушілердің қолдауымен шығып жатыр. Мысалы, балаларға арналған «Хәрри Поттер» сериясы толық қазақшаға аударылып, жас оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Отандық баспалар әлемдік бестселлерлердің авторлық құқықтарын сатып алып, оларды қазақша сөйлетуге кірісті. Мұның айқын айғағы – биылғы кітап жәрмеңкесінде отандық кітап дүкен­дерінің сөрелерінде «Алиса ғажа­йыптар елінде», «Жүз жылдық жал­ғыздық», «Құйынмен бірге кеткендер», «Шерлок Холмс» сияқты көптеген туындылардың қазақша аудармасы саты­лып жатты. Әдеби аударма ісінің ілге­рілеуі нәтижесінде отандық оқыр­ман әлемнің үздік әдебиетін туған тілі­нде оқи алатын деңгейге біртіндеп же­тіп келеді.

 

Әділ Қойтанов,

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры