
Ұлт рухының үнін домбыра арқылы жеткізген, рухани сабақтастық пен төл өнерді ұлықтауға бағытталған мәдени оқиға ел есінде қалды. Айрықша сәтте кәсіби музыканттар, мектеп оқушылары мен студенттер, өнерсүйер қауым бір мезетте қос күйді орындап, бұрын-соңды болмаған музыкалық рекорд орнатты. Аталған жетістік Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы Қайрат Тазабековтің қатысуымен ресми тіркеліп, арнайы сертификат Жетісу облысы әкімдігіне табысталды. Бұл – Жетісу жұртының ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани өміріндегі елеулі жетістік ретінде бағаланды.
«Бұл күн – Жетісу өңірі үшін үлкен мақтаныш. Себебі бастама тек өнер мерекесі емес, ұлттық бірлік пен ортақ мұрат төңірегінде тоғысқан мыңдаған адамның жүрек лүпілін бір арнаға тоғыстырған рухани жаңғыру көрінісі болды. Флешмобқа облыстың барлық аудандары мен ауылдарынан, түрлі басқарма мен мекемеден келген қатысушылар шын ықыласпен атсалысып, домбыра арқылы ел тарихына өз үндерін қосты», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанов.
Сонымен қатар Жетісу жерінің табиғи-тарихи көрнекі орындарында түсірілген, жеті күйші орындаған «Бақтыбайдың әуені» атты бейнебаян жұртшылық назарына ұсынылып, флешмобпен біріктірілген музыкалық-визуалды туынды ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жоба дәстүр мен заманауи өнердің жарасымды үндесуін айшықтаған ерекше мәдени бастамаға айналды.
Іс-шара барысында қазақтың жыраулық-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына орай «Бақтыбайдың әуені» және белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібайдың «Ерке сылқым» атты туындылары орындалды.