
Бүгінгі күнге дейін елордадағы сауда орталықтарында, соның ішінде «Әлем» сауда орнында жұқпалы аурумен ауырған мал еті өнімінің сатылуы немесе жеткізілуі туралы ешқандай факт тіркелген жоқ. Барлық жеткізілген ет өнімдері міндетті ветеринарлық-санитарлық тексеруден өтеді. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ.
Бұған дейін бірен-саран жағдайлар тіркелген Атбасар ауданында кешенді дезинфекциялық жұмыстар толық аяқталды. Қауіпті ет өнімдері белгіленген санитарлық тәртіппен жойылды. Тұрғындар медициналық тексеруден өтіп жатыр.
Азаматтарды тек ресми дереккөздерге, яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ақпараттарына сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз.