
Дәрігерлер пойызы ең әуелі Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау стансасына маусымның 27-сі күні аялдаған еді. Әлеуметтік жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі Ұлттық комиссия, «Samruk-Kazyna Trust» қоры және «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының тапсырысы бойынша қолға алынған екен.
Пойыздың аға дәрігері Әсемгүл Саханованың айтуынша, топ құрамында түрлі мамандықтағы 30 дәрігер – терапевт, травматолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, отоларинголог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог, окулист, уролог-дәрігер, диагностика дәрігері, диагностикалық диагностика-дәрігер, стоматолог-дәрігер бар. Пойыздағы сапалы құрал-жабдық, қондырғылар науқасты түрлі қажетті тексперуден өткізіп, нәтижесін табан астында шығарып бере алады. Станса басына келе алмайтын сырқаттардың үйіне портативті аппараттарды алып барып, қарау да қарастырылған екен.
12 951 адам тұратын Шыңғырлау ауылында «темір жолдағы емхана» 2 күн болып, халыққа тегін қызмет көрсетті. Одан кейін Амангелді бекетінде екі күн аялдады.
«Жыл сайын осы медициналық бригаданы күтеміз: бұл біз үшін білікті мамандардың қызметін пайдаланудың тамаша мүмкіндігі. Сезімтал, білікті дәрігерлер ұжымына алғысымды білдіргім келеді», дейді Шыңғырлау ауылының тұрғыны Ерболат Әлиев.
Пойыз құрамында дәрігерден бөлек, заңгер мен медиатор да ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп жүр. Олар еңбек дауларын шешу, әлеуметтік төлемдер алу үшін өтінім беру, заңнама нормаларын түсіндіру және т.б. мәселеде көмек көрсетеді, дейді пойыз медиаторы Ш.Шалғазина.
1 шілде күні Тасқала ауданы аумағына жеткен дәрігерлер «Семиглавый Мар» стансасына тоқтады. Бұл бекеттің айналасында ауданның бірнеше шағын елді мекені – Достық, Бастау, Ынтымақ ауылдары орналасқан.
Бұл жерде де жергілікті тұрғындар мен атқарушы органдар өкілдері пойыз ұжымын қуана қарсы алды. Бұл кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Қайыржан Меңдіғалиев арнайы келіп, жобаны ұйымдастырушыларға және еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс айтты.
«Шалғай елді мекен тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету жолында бұл жоба өте маңызды рөл атқарады. Еліміздің ең басты байлығы – адам және оның денсаулығы. Сондықтан «Саламатты Қазақстан» пойызының ұжымына халықтың атынан зор алғыс айтамын», деді Қайыржан Ермекұлы.