
фото: pricom.kz
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының мәліметіне сүйенсек, су айдындарындағы 46 орында суға түсуге рұқсат берілген. Алайда, жағажайлар дайын болмағандықтан, 41 орында шомылу маусымын ашу белгісіз мерзімге кейінге шегеріліп отыр.
«Қазір облыс аумағындағы су айдындарында 70 қауіпті орын бар. Соған байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірге су айдындарына 266 тыйым салу белгісін, 12 ақпараттық стенд орнатылды. Су айдындарын шомылуға дайындау, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Күн сайынғы рейдтік іс-шаралар кезінде бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Өзен-көлдердің шомылуға арналмаған әрі жабдықталмаған тұсында суға түсу фактілері жиі кездеседі. Әсіресе, ішінде балалар ересектердің қадағалауынсыз шомылып жүр», дейді облыстық департаменттің басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дарын Әнуарбеков.
Төтеншеліктер суға түсуге байланысты қауіпсіздік ережелерін бұзған 44 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабымен 600 мың теңгеден астам айыппұл салған. Жыл басынан бері 4 адам суға батқан. Жантәсілім еткендердің арасында 1 бала бар.