Төтенше жағдай • Кеше

Балабақша балалары мінген көлік автобусқа соқтығысқан

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында бүлдіршіндерді балабақшаға тасымалдап бара жатқан жеңіл көлік автобуспен соқтығысып, салдарынан бірнеше адам жарақат алды. Оқиға орнында анықталғандай, «Chevrolet Cobalt» маркалы көліктің ішінде балабақшаның екі қызметкері мен төрт бала болған, деп жазады Egemen.kz.

Балабақша балалары мінген көлік автобусқа соқтығысқан

Фото: ашық дереккөз

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала ауыр жарақат алып, облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Сондай-ақ балабақша тәрбиешісінің көмекшісі де ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Қалған екі балаға медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық бақылауға жіберілді.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнұр Өксікбаеваның айтуынша, жансақтау бөліміне түскен екі баланың хәлі ауыр әрі тұрақсыз. Қазіргі уақытта дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат бөліміне 4 бала келіп түсті. Екі баланың жағдайы тұрақты, олар толық тексеруден өтіп, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Қалған екі баланы жансақтау бөліміне жатқыздық. Бүгінгі таңда олар тиісті ем қабылдап жатыр. Жағдайлары ауыр», деді Гүлнұр Өксікбаева.

Құзырлы органдар қазір жол апатының нақты себептері мен мән-жайын анықтауға кірісті.