
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты. Оның сөзінше, министрлік экологиялық тұрақты болашаққа бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. 2024 жыл қорытындысында елімізде жалпы қуаты 3 032 МВт болатын 153 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұрса, қазір қуаты 3 122 МВт-ға тең 156 нысан ел игілігінде. Бұл елдегі жалпы электр энергиясы өндірісінің 6,43%-ын қамтамасыз етті.
«Былтыр жаңартылатын энергия көзі нысандарының жалпы электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 7,581 млрд кВт болған: жел энергетикасы – сағатына 4 513 млрд кВт; күн энергетикасы – 1 889,6 млрд кВт; гидроэнергетика – 1 177 млрд кВт; биоэнергетика – 1,58 млрд кВт. Одан бөлек, қазір қуаты 2 258 МВт болатын 91 жоба іске асу сатысында тұр. Олар – 20 жел электр стансасы (1 364,5 МВт), 9 күн электр стансасы (282,6 МВт), 58 шағын су электр стансасы (591,81 МВт) және 4 био-энергетикалық жоба (19,25 МВт)», деді.
Салада аукциондық сауда тетігі енгізілгеннен кейін Қытай, Германия, Түркия, Франция, БАӘ, Оңтүстік Корея елдерінен секторға 260-тан астам компания келген.
«2027 жылға дейін жаңартылатын энергия жобалары бойынша 4,6 ГВт көлемінде аукциондық сауда өткізу жоспарланған. Ондағы негізгі басым бағыттар – энергияны жинақтау жүйелерін дамыту, B2B-келісімшарттар тетігін жетілдіру, ЖЭК нысандарын теңгерімдеуші нарыққа толық енгізу, жаңа ЖЭК нысандары үшін диспетчерлік артықшылықты алып тастау мәселесін қарастыру мен шағын көлемді ЖЭК жобаларын дамыту», деді вице-министр.
Айтуынша, ел азаматтары үй шатырында күн энергиясын өндіріп, пайда табуына да болады.
«Былтыр заңнаманы жаңарттық. Қарапайым тілмен айтқанда, енді жеке үй тұрғыны шатырға 200 киловаттық күн панельдерін орнатып, оның 100 киловатын өзі тұтынып, қалған 100 киловатты сата алады. Сол сияқты энергия таратушы компания ол энергияны өңірдегі орташа тарифпен сатып алуға міндетті. Бұл шараны өте тиімді тетік деп санаймыз», деді С.Есімханов.
Вице-министрдің сөзінше, шағын бизнес бұл мүмкіндікті белсенді түрде пайдалана бастаған. Былтырдың өзінде жалпы қуаттылық екі есе артыпты.