
Фото: silkwaytv.kz
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше санақ екі кезең бойынша өтеді: Бастапқы бірінші онлайн кезең – 1-31 тамыз аралығында: өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуы тиіс. Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. Одан кейінгі екінші офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында: интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды.
«Біз барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, фермерлерге және ауыл тұрғындарына үндеу жолдаймыз. Ауыл шаруашылығы санағына қатысу – жай ғана рәсім емес, бұл еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Тек толық әрі нақты деректер ғана мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттап, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді» деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Санақта 2 млн жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3500-ден астам интервьюер тартылады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады. Сондай-ақ азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып кеңес ала алады.