Қоғам • Бүгін, 13:44

Елдегі кәріз тазарту құрылғылары 65 пайызға тозған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда кәріз тазарту құрылғыларының тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Биыл бұл жүйелерді жаңғыртуға бюджеттен 25 млрд теңге бөлініп, Қызылорда мен Ленгер қалаларында ірі жобалар қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елдегі кәріз тазарту құрылғылары 65 пайызға тозған

Бұл қаражат кәріз жүйелерін жаңғырту мен қайта жаңарту жобаларына бағытталуда. Оның ішінде:

  • Қызылорда қаласының кәріз тазарту құрылғысына – 720 миллион теңге,

  • Ленгер қаласының кәріз жүйесін жаңғыртуға – 1 миллиард теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, Ақтау, Атырау, Қарқаралы және Қаражал қалаларында су бұру жүйелерін жаңартуға арналған 4 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы «Коммуналдық және энергетика секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңғыртылып, 2,8 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желілері жаңарту жоспарланып жатыр.

Сонымен қатар, 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 39%-дан 33%-ға дейін төмендету көзделген. 

«2029 жылға қарай Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, су құбыры желілерінің тозу деңгейін ағымдағы 39%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру жүйелерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда», делінген хабарламада. 

Бұл іс-шараларды жүзеге асыру инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға және өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.