
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Бүгінде Жамбыл облысының шаруа қожалықтарына 231 млн текше метрден астам су берілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 50 млн текше метрге артық. Жалпы 58 900 гектар егіс алқабы суарылған.
Сала министрлігінің мәліметінше Қырғыз Республикасымен жасалған келісімдерге сәйкес, вегетациялық кезеңде Қазақстанға Жамбыл облысының диқандарын қамтамасыз ету үшін Шу және Талас өзендері арқылы 625 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша өңірде суармалы суды тиімді пайдалану және әділ бөлу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
«Каналдар бойынша суды кезекпен беру кестесі бекітілді, диқандарға ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мен түнгі суару жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Фурманов айналма каналы мен Георгиев магистральдық каналында механикалық тазарту жұмыстары басталды», деді Н.Алдамжаров.