Экология • Кеше

Таза жағалау

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық іс-шаралары қарқынды жүріп жатыр. Жақында Шүлбі Шипалы көлі маңында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Таза жағалау

 

«Бұлақ көрсең көзін аш» дейтін баба тәмсілін берік ұстанатын Абай жастары өзен көлдердің жағасын тазалауды қолға алды.

– Іс-шара мақсаты – су айдындарының жағалауын және ел көп жиналатын демалыс орындарын тұрмыстық қалдықтан тазарту, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл бастама тұрғындарды экологиялық жауапкершілікке шақырып, табиғатқа жанашырлық танытуға септігін тигізеді. Акцияға жастар ұйымдары, студенттер, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысты. Олар өзен-көл жағалауларынан тұрмыстық қалдықтар мен пластиктерді сұрыптап жинап, қоқысты арнайы орындарға шығарды. Бұған қоса табиғатты қорғауға үгіттейтін арнайы парақшалар таратылды, – дейді ұйымдастырушылар.

Әкімдіктің мәліметіне сенсек, биыл көктемде Абай облысында 35,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар полигонға шығарылған. 2 072 су айдыны тазарып, 88 706 метр арық пен 144 субұрқақ ретке келтірілді. Елді мекендердің аумағына 46 348 ағаш пен шыбық отырғызылды. Сонымен қатар «Бүкіл Қазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында 26 сәуірде Абай облысында қосымша 23,1 мың түп көшет егілген.

Жастар ресурстық орталығының маманы Ерсінбек Өрлеубек тазалық акциясының мән-маңызын түсіндіріп өтті.

– Бұл тек бір реттік тазалық жұмысы емес. «Таза Қазақстан» бағдарламасы – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуді көздейді. Біз табиғатты тұтынушы ретінде емес, оның бір бөлшегі ретінде қабылдауымыз керек. Әр азаматтың үлесі – ортақ игілікке бағытталған нақты әрекет. Жастардың белсенділігі мен тұрғындардың қолдауы бізді қуантады. Бұл – еліміздің ертеңі үшін жасалған жарқын қадам, – дейді ол.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық іс-шаралар өңірдің барлық елді мекенінде, тіпті шалғайдағы ауылдарға дейін жалғасын таппақ.

Абай облысы