
Бұған дейін «Заң мен тәртіп» апталығы аясында Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясының салтанатты ашылуы өткен болатын.
Аудитория заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда нақты жағдайларға ұқсас тактикалық сценарийлерді қайта құруға мүмкіндік беретін жүйелер орнатылған. Күнделікті қызметте қолданылатын автоматтандырылған басқару жүйесі де енгізілген.
«Мұндай аудиторияның ашылуы – болашақ офицерлерді даярлаудағы маңызды қадам. Бұл – тәжірибеге негізделген оқыту тәсілін жүзеге асырып, командирлік қабілетті жетілдіруге бағытталған алаң. Әрбір автоматтандырылған жұмыс орны тактикалық іс-қимылдарды модельдеуге арналған және әскери бөлімдерді басқаруға қажетті ақпараттық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде жаттығу кезінде тактикалық тапсырмаларды тиімді пысықтауға жол ашады», деді генерал-майор А.Балтабеков.
Аудиторияға енгізілген цифрлық шешімдерге бірыңғай ақпараттық орта кіреді. Ол өңірлердегі жедел ахуал туралы мәліметтерді орталықтандырылған түрде қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шешім қабылдауды қолдау жүйесі мен геоақпараттық жүйе енгізілген. Бұл платформаларда нормативтік құжаттар мен жеке құрамның іс-әрекеттерінің алгоритмдері қамтылған.
Сондай-ақ патрульдік бағыттар бойынша әскери жасақтардың қозғалысын нақты уақыт режімінде көрсететін жауынгерлік кезекшілікті бақылау және мониторинг жүйесі де жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Ұлттық ұлан еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Қоғамдық қауіпсіздік пен маңызды нысандарды күзету ісіне 7 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылған. Сонымен қатар ІІМ-ге қарасты 39 қылмыстық атқару жүйесі мекемесін күзету де солардың міндетіне кіреді.
Ұлттық ұланның қызметі құқық қорғау органдарымен, атап айтқанда ІІМ, ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктерімен бірлескен арнайы операцияларға қатысуды да қамтиды.